БҚО-да кәсіпкер әйел ауылды қайта түлетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да кәсіпкер әйел ауылды қайта түлетті

12.11.2018

Батыс Қазақстан облысындағы Қаракемер ауылын жергілікті кәсіпкер әйел адам танымастай етіп өзгерткен. Осыдан он жыл бұрын тұрғындары үдере көшкен шағын ауылда тіпті жан баласы қалмаған екен. Жергілікті кәсіпкер аз уақытта шалғай қоныстың тірлігін тиянақтап, кәсібін дөңгелетті.

Қаракемер ауылында қазір қайнаған тірлік. Мал, құс өсіруден бөлек, дәнді дақыл, көп жылдық шөп, бау-бақша егеді. Өндірілген шикізат өңделіп, жартылай және дайын өнім шығарылады.

Светлана Маутиева, кәсіпкер:

- Біз жүздеген өнім түрін шығарамыз. Мынау соның аздаған бөлігі ғана. Тауарымыз өзімізде өндірілген сүт, ет, астықтан дайындалады. Міне, айран, ал, мынау бөтелкедегі қымыз. Бұлар ешқандай зиянды қоспасыз әзірленеді. Экологиялық таза. Келешекте Оралда тек өз өнімдеріміз сатылатын дүкен ашқым келеді.

Әрине, бұл дәрежеге кәсіпкер бір күнде жеткен жоқ. Жалғызілікті ана балаларын жеткізу үшін кәсіп ашуға бекінді. Сөйтіп, алғашында 200 млн. теңге несие алып, істі бастап кетті. Қазір қиындықтың көбі артта қалды. Ауылда диірмен, көкөніс қоймасы, жұмысшыларға арналған жатақхана мен монша да бар. Шаруаға қолайлы, жанға жайлы мекеннен қазір ешкім кеткісі жоқ.

Гүлжан Тұралбекова, тұрғын:

- Екі жылдан бері отбасыммен тұрып жатырмын. Ауылды көркетейік деп атсалысып, келіп жатқан жағдайымыз бар. Осы шаруашылық көркейсін деп барымызша еңбек етіп жатырмыз. Барлық жағдайымызды жасап отыр. Кеткіміз келмейді. Өте жақсы, жанға тыныш.

Ғалымжан Иштаев, тұрғын:

- Кезінде 70 үй болды. Балабақшасы, бастауыш мектебі болды. Клубтары да болды. Соңғы 2 үй қалғанша мен осында тұрдым. Бұл ауыл қазір көркейіп жатыр. Болашақта шақыратын болса, осында көшіп келер едім.

Іскер әйелдің арманы мұнымен шектелмейді. Ауыл шетіне орман ексем дейді. Суармалы жердің молайғанын қалайды. Келешекте интернет те, жол да салынса, жастар ауылға келеді деп сенеді.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу