Көкшетауда тұрғын үйлердегі жылу деңгейі тым төмендеп кеткен
Мамандар оған тұрғындардың өздері кінәлі дейді. Себебі, 500-ге жуық пәтер иесі жылу жүйесінің жобалық сызбасын бұзып, өз еріктерімен қосымша жабдықтар орнатып алған. Соған байланысты өзге пәтерлер қажетті жылуды ала алмай отырған көрінеді.
Мамандар арыз-шағымдар бойынша күн сайын тексеруге шығады. Ал, тұрғындар болса, жылу жүйесіне қосымша қондырғыларды орнатып, заңсыздыққа барғанын мойындай бермейді.
Талап Егінбаев, «Көкшетау жылу» мекемесінің өкілі:
- Көпқабатты тұрғын үйлерде инженерлік желілер ортақ. Ол ешкімнің жекеменшігі емес. Ал, тұрғындар пәтерлеріне қосымша батареялар, шүмектер орнатады. Құбырдың диаметрі өзгертіледі. Бұл жылу жүйесінің жобалық сызбасын бұзуға жатады. Үйге берілетін жылу жүктемесі артады. Осылайша, жалпы температура төмендейді.
Талапты бұзғандармен сөйлесу де оңай емес. Көбі есік ашпайды. «Тұрғындар кейде өзгелерге зардап тигізгенін білмеуі де мүмкін», - дейді мамандар. Әсіресе, жоғары қабатта тұратындар мұндай заңсыз әрекеттің зардабын тартып отыр.
Қанапия Жәпекенов, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Біздің жанымызда тұрған көрші «үй жылы» дейді. Ал, біздікі салқын. Ертең қыста қалай болады? Үшінші қабатта тұрамыз. 4-5 қабаттар да салқын.
Тұрғын үй инспекциясының мамандары осы күнге дейін 475 заң бұзу дерегін анықтаған. Бірақ, жүгенсіздерді жауапқа тартуға олар шарасыз болып отыр.
Рүстем Бейсенов, Тұрғын үй инспекциясы басшысының м.а.:
- Тұрғын үй инспекциясы ешқандай әкімшілік жаза қолдана алмайды. Айыппұл салу да заңмен қарастырылмаған. Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, өзге тұрғындар сотқа арыздана алады. Бұл азаматтық іс ретінде қаралады.
Пәтер иесі кез келген жобалық өзгерісті көршілерімен және тиісті мекемелермен келісіп барып қана жасауы тиіс. Алайда, талапты орындайтындар некен саяқ.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы