Басты Жаңалықтар Қарағанды облысындағы шаруа қожалық иелері өнімдерін экспортқа жөнелтуде

Қарағанды облысындағы шаруа қожалық иелері өнімдерін экспортқа жөнелтуде

Ауыл шаруашылығы саласында өкілетті органдар саладағы жүйелі мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастырып жатса, шаруалар жұмыстарын істеп, кәсіптерін дөңгелетіп жатыр. Айталық, Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы шаруашылық мың бұқаны экспортқа жөнелтті. Ал, құс фермасы болса, тәулігіне жарты миллион жұмыртқа шығарып отыр. Енді өнімді экспортқа жөнелту туралы келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Елбасы Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейтуді тапсырғаны белгілі.

Үштөбе ауылындағы 10 мың сиырға арналған бордақылау алаңы осыдан екі жыл бұрын ашылған болатын. Содан бері мұнда мал саны 3700-ге жеткен. Өңірдегі фермерлерге ірі қараны осында тірідей тапсыру тиімді болып тұр. Себебі, әр келісін 600 теңгеден қабылдайды, әрі мемлекет тарапынан әр келіге 200 теңгеден субсидия қаралған. Жақында ғана шаруашылық алғашқы 1000 бұқаны Өзбекстанға экспортқа жөнелтті.

Айдын Албақай, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Бірінші экспортты Өзбекстанға жібердік. Қарақалпақстандағы Нукус жақтан және Өзбекстанның Ташкент қаласынан екі компаниямен келісімшартқа отырдық. Біреуімен 4 мың басқа, екіншісімен 1 мың басқа келісімшарт жасадық.

Келесі жылы фермер Қытай еліне де 5 мың тонна ет өткізбек. Жуырда қос тарап тиісті келісімшартқа қол қойған.

Ал, бұл осы Үштөбе ауылындағы құс фабрикасы. 2012 жылы Елбасының қатысуымен болған телекөпірде ашылған. Мұнда 700 мың тауық бар. Тәулігіне жарты миллион жұмыртқа өндіреді. Бүгінде өнімін елдің түкпір-түкпіріне өткізіп отыр. Енді экспортқа шығару жөнінде келіссөздер жүргізуде.

Валерия Семенова, құс фабрикасының директоры:

- Біздің фабрика ашылған кезде жылына 126 миллион дана жұмыртқа өндіру туралы тапсырма қойылған болатын. Өткен жылы 148 миллион дана жұмыртқа өндірдік. Өнімімізді елдің барлық өңірлеріне жөнелтеміз. Енді экспорт мәселесін қолға алдық. Алдағы уақытта Ауғанстан мен Иранға өнім шығарамыз.

Қазір шаруаларға мемлекет тарапынан мейлінше мүмкіндік жасалып отыр. Пайызы төмен несиені 15 жылға дейін береді. Жыл сайын төленетін субсидиясы бар. Жер, техника бөлу тарапынан қолдау жасалады. «Тек ерінбей еңбек ету қажет», - дейді қожалық басшылары. Сонымен қатар, қос шаруашылық та жұмысшылар жалақысын көбейту туралы бастаманы қолдап, еңбекақыны көтеруді қолға алған.  

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу