Елімізде жалған медициналық құжатпен жұмысқа тұру жайттары азаймай тұр
Биылдың өзінде осындай 30 қылмыстық факт тіркелген. Салдарынан, қауіпті инфекциялық ауруы бар адамдар білім беру мекемелері мен тамақтандыру орындарында жұмыс істеп жүр. Күні кеше ғана Шығыс Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде туберкулездің ашық түрімен ауыратын әйелдің еңбек еткені анықталды. Жүйеде жүгенсіздік неге жиілеп кетті? Санитарлық кітапшаның қылмыскерлердің саудасына айналуына не себеп?
Шығыс Қазақстанның Бобровка ауылындағы ата-аналар дабыл қақты. Мектептегі оқушылардың барлығына бірдей манту сынамасы жасалып, жаппай флюрографиядан өткізіле бастаған. Көп ұзамай күдік расталды. Мектептегі басқа емес, асханада жұмыс істейтін әйелдің қауіпті дертті жұқтырғаны белгілі болды. Ол осыдан ай бұрын дәрігерлерге жөтелінің жиілеуі мен дене қызуының көтерілгенін айтып шағымданған. Қазір науқас туберкулезге қарсы облыстық диспансерде емделіп жатыр.
Хамит Елубаев, облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:
- Мектепті тексерді, жұмыс істеген асхананы тексерді. Қарым-қатынаста болған адамдардың барлығын тіркеді. 80 мұғалім, 283 оқушы және үйде 6 адам болған. Солардың барлығы тексеруден өтті. Ересектер флюрографиядан, оқушылар манту сынамасынан өтті.
Бұл алғашқы оқиға емес. Тек осы жылдың 9 айында жалған құжат істеткен 30 факт тіркеліпті. Былтырғыдан көрсеткіш кеміген жоқ. Демек, ағзаңа қарап емес, ақшаңа қарап кітапшаңызға мөр басып береді. Жарнама сайттарында ашық түрде қызмет сатылып та жатыр.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
- «Жалпы санитарлық кітапшаларды еш жерге бармай-ақ, сыртқа шықпай-ақ, ешбір дәрігерге көрінбай-ақ, осы жерде жасатып алуға болады», дейді мұндағы жарнамалар. Бұл қаншалықты рас?
Құзырлы органдар бұл былықтарды біледі. «Қылмыскерлермен күрес жүргізіліп жатыр», дейді. Ал, «жақында жөнсіздіктің жолын кесетін жаңа жүйе енгіземіз», деп сендірді.
Марал Рахымжанова, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің басқарма басшысы:
- Алдағы уақытта қазіргідей медициналық тексерістен өткен адамның құжаты қабылданбайды. Цифрлық технологияның арқасында әрбір адамның қай мекемеге, қандай жұмысқа орналасқалы деп жатқаны қатаң тексеріліп, құжатқа жазылады. Яғни, кітапша қолдан-қолға өтпейді, медициналық тексерістен өтуге электронды түрде ғана рұқсат етілмек.
Осылайша, ашық саудаға түскен құжат сыртында адам тағдыры таразыға түсіп жатыр. Нақты шара қолданылмайынша, жүгенсіздік жалғаса бермек.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы