Қазақстан ауылдарында 4 миллионға жуық әйел тұрады. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ауыл әйелдерінің форумында мәлім етті. Қазіргі таңда қыз-келіншектер қоғамның барлық саласында белсенді. Ауылдың ахуалын жақсартып, бизнесті өркендетіп жүргендердің ішінде де әйелдер көп. Сондықтан, олардың еңбегін елеп, келешегін кемелдендіру үшін қажет қадамдар Астанада талқыланды.
Бесікті де, әлемді де тербетіп жүрген қазақ әйелі кәсіпті де меңгеріп алған. Бүгіндері халқымыздың 42 проценті ауылда тұрса, олардың жартысы – әйел қауымы. Ел бойынша 240 мың шаруа қожалығының 40 мыңын келіншектер басқарады. Ауылдардағы емханалар мен мектептерде де әйелдер саны басым екені жаңалық емес. Аудандық мәслихат депутаттарының 500-ден астамы әйел. Аудан, ауылдық округтер мен кенттерді басқарып отырған қыз-келіншектер де бар.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Ауыл – халқымыздың бірлігі мен бірегейлігінің, тарихы мен мәдениетінің, ел дамуының қайнар көзі. Яғни, ауылды өркендету мемлекетімізді дамытудың маңызды шарттарының бірі болып табылады. Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан үшінші жаңғыру үдерістеріне ауыл халқының жартысына жуықтайтын 4 млн. әйел маңызды үлес қосуда.
Міне, осындай іскер әйелдер елордада бас қосып отыр. Әдетте жаймашуақ көктемде жиналатын нәзік жандылардың күз мезгілін таңдауы кездейсоқ емес. БҰҰ Бас ассамблеясының қарарына сәйкес қазанның 15-і «Халықаралық ауыл әйелдері күні» деп бекітілген еді. Қазақстандық қыз-келіншектер «ештен кеш жақсы» деп қарашаның қос күнін осы мейрамға арнамақ.
Салтанат Темірқұлқызы, «Жасыл» экономиканы дамыту және G-Global-ды дамыту коалициясының басқарма төрайымы:
- Шетелде жақсы бағдарламалар бар. Ол бағдарламаларға біздің мемлекетімізде ратификация жасап, сол арқылы бүгінгі Үкіметке келіп жатқан қаржы мәселелері, басқа да бағдарламалардың белсенді жүзеге асырылуы үшін әйелдердің орны да, олардың салмағы да мықты болуы керек. Соған осы алаңды әдейі ұйымдастырып отырмыз.
Ақжібек Сабырғалиева, кәсіпкер:
- Отбасымызбен кәсіпкерлікпен айналысамыз. Шаруа қожалығымыз бар. Бірнеше сауда кешеніміз бар. Кәсіпкер әйелдер жиналып жатыр. Сол кісілердің жетістікке жеткен жолдары туралы әңгімелерін тыңдап, мотивация алғым келеді.
Форумның алғашқы күні пленарлық отырыс пен төрт сессия өтеді. Сондай-ақ, әйелдер қауымы «Менің жетістігімнің тарихы» тақырыбында баяндама жасап, табыс кілтімен бөліседі. Ал, қарашаның 9-ы сессиялардың қорытындысы шығарылып, табысымен тәнті еткендер 10 номинация бойынша марапатталады.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.