Шахан қаласының тұрғындары жылудың жоқтығын айтып шағымдануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахан қаласының тұрғындары жылудың жоқтығын айтып шағымдануда

08.11.2018

Кеше Елбасы коммуналдық қызметтер саласындағы мәселені Қауіпсіздік кеңесінің отырысына шығарып, әлеуметтік зерттеулер нәтижесі тарифтердің жоғарылығына халықтың алаңдаулы екенін көрсетті деп еді. Монополист кәсіпорындар тұрғындардың қалтасын қағып, негізсіз табыс тауып отырғанын, мұндай ахуалдың қалыптасуы құзырлы мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі мен бақылаудың жоқтығынан деп санайтындығын қадап айтты. Расында, еліміздің әр өңірінде коммуналдық салада күн құрғатпай түрлі келеңсіз оқиғалар боп жатады. Мәселен, Қарағанды облысындағы Шахан елді мекенінің тұрғындары қыс басталмай жатып, жылу жоқ деп шағымдануда. Осыдан екі жыл бұрын мұнда көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіндегі автономды қазандық жарылып, ғимараттың бір бөлігі опырылып түскен болатын. Оқыс оқиға салдарынан 9 адам қаза тапқан еді. Осы қайғылы жағдайдан кейін жергілікті билік жертөледегі модульді қазандықтарды алып тастап, аулаға жаңаларын қойды. Алайда, содан бері іргелес жатқан көпқабатты тұрғын үйге жылу дұрыс берілмей келеді.

Лариса Устинованың мүмкіндігі шектеулі баласы бар. Сондықтан, күнұзаққа үйде отырады. Азынаған пәтерде әбден берекелері қашқан. Электр пешін қосқанмен, үйді жылытып үлгермейді. 

Лариса Устинова, Шахан кентінің тұрғыны:

- Пәтерлері суық тұрғындарды анықтап, мына хатқа қол жинадық. Өткен жылы осы хатқа жергілікті әкімшіліктен жауап келді. Онда осы үйдің жылу жүйесіне қатысты қандай олқылықтарды дұрыстау керектігі жазылған. «Тұрғындар арасынан коммуналдық шаруашылықты басқаруға сайланған адам ол жұмыстар түгел істелді», - дейді. Алайда, үйіміз бәрібір суық.

Шаханда жылу беру маусымы 1 қазаннан басталған. Бұл үйдің тұрғындары содан бері пәтерлерінің суық екенін айтып, шағымдануда. Автономды қазандық қазір көпқабатты тұрғын үйдің жартысын ғана жылытады. Қалған 30 пәтер азынап тұр.

Ғалым Өмірбеков, Шахан кентінің әкімі:

- Ол үйге модульді қазандық қойған компания басқа үйлерге де тура сондай модульді қазандық қойған. 4-5 үйде тұр. Жақсы тартады. Мердігерге ешқандай кінә арта алмаймыз. Бұл проблеманы жақын арада шешіп береміз.

Екі жыл бұрынғы апаттан соң Шахандағы тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі 14 модульді қазандықтың жұмысы түгел тоқтатылды. Оның орнына демеушілер мен көмек қорына жиналған қаражат есебінен аулаларға жаңа қондырғылар қойылды. Қайғылы жағдайдан кейін тағы қапыда қалмайық деген жұрт орталықтандырылған жылу қазандығын салып беруді сұрады.  

«2021 жылы Шахан қаласында жаңа орталықтандырылған жылу қазандығы іске қосылуы керек», -дейді жергілікті билік өкілдері. Оның жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өткен. Қараша айының соңында құрылыспен айналысатын мердігерлік компания анықталмақ. Жылу қазандығының құрылысы үшін республикалық бюджеттен 2 миллиард 4 миллион теңге қаражат бөлінуі тиіс екен.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу