Петропавлда Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы форумы аясында туристік көрме ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы форумы аясында туристік көрме ашылды

08.11.2018

Онда қос мемлекеттегі көрікті жерлер мен тарихи нысандар таныстырылуда.

Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы форумының аясындағы көрме бүгін өз жұмысын бастады. Тақырыбы қос мемлекеттегі туризмді дамытуға арналған. Мұнда Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймқтары өздерінің туристік нысандары мен көрікті жерлерін таныстыруда. Қазақ елінің табиғаты көркем екені баршаға аян, әр облыстың өзінің мақтан тұтар жерлері мен көлдері, тарихи нысандары баршылық. Бірақ, соның көбі кеңінен танылмаған. Көрменің басты мақсаты да осы, халыққа жеткізіп, жарнамалау. Өйткені, туризм ел экономикасын дамытуға ерекше әсер ететіні ежелден белгілі. Бүгін осы көрменің ерекшелігі мен берері жайлы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек сұхбат берген еді.

Дәурен Жандарбек, облыс әкімінің орынбасары:

- Шалқар-Имантау туристік зонасы Қазақстанның туристік даму бағдарламасына еніп отыр. Мемлекет тарапынан инфрақұрылымды дамыту үшін қомақты қаржы бөлінетін болады. Осы көрменің арқасында қонақтарымызды Шалқар-Имантау туристік аймағымен таныстыруға мүмкіндік туып отыр.

Көрме барысында 3 панельдік сессия өткізіледі. Туризмді дамытудағы кәсіпкерлікті рөлі, маркетинг, және туризм саласын цифрландыру тақырыбында мамандар лекция өтеді. Бірнеше таныстырылмдар болады. Жалпы, көрменің жұмысы екі күнге жалғасады деп жоспарланған. Ал, ертең Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен 15-ші өңіралық форум басталады.

 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу