Түркістан облысында Күн электр станциясы салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында Күн электр станциясы салынады

07.11.2018

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында қуаты 10 мегаватт болатын Күн электр станциясы салынады. Құрылыс жұмыстары жарты жылдың көлемінде басталып, 10 айдың ішінде аяқталуы тиіс. Бұл туралы Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған форумда айтылды. Жиында тараптар тиісті меморандумға қол қойды. Айта өтейік, жоба құны 15 миллион доллар. Сондай-ақ, өңірде шағын жел электр станцияларына арналған құрылғыларды өндіретін зауыт салу да жоспарда бар. Аталған нысандардың құрылысын толығымен оңтүстіккореялық инвесторлар қаржыландырады.

Джон Енг Сун, инвестициялық компанияның президенті:

- Былтыр Астанада халықаралық ЕХРО көрмесінің өткенін білеміз. Сондықтан, Қазақстанда баламалы қуат көздеріне ерекше мән берілетіні белгілі. Мұнда осы сала бойынша бірқатар жобаны жүзеге асыруға болады. Ол үшін жақсы жағдай жасалған. Корея технологиясы мен Қазақстанның мүмкіндігін қосқанда, әлемдік дәрежедегі тауар өндіруге болады.

Бақытбек Танакөзов, Түркістан облысы Бәйдібек ауданының әкімі:

- Қазір жобалау жұмыстары жүргізілуде. Алдымыздағы жылы құрылыс жұмыстары басталады. Жалпы, Бәйдібек ауданы инвестициялық жобалармен келетін барлық мемлекеттердегі кәсіпорындарды шақырады. Келіп жұмыс істеймін дегендерге барлық қамқорлық жасалады.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу