Қызылорда облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Ұлт руханиятының алтын қазығы - Сыр елім!» атты тағылымды шара өтті. Еліміз бойынша алғаш рет ұйымдастырылған жиында «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен Шығыс Қазақстан облысындағы «Үміт» балалар үйінің арасында достық көпірі орнады.
Өскелең ұрпақ еліміздің мәдени мұраларымен жете танысып, тарихтан тағылым, өткеннен өнеге алу керек. Сыр еліндегі рухани шара осы мақсатта ұйымдастырылып отыр. Өскемен қаласындағы «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері әуелі «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында болып, тыныс- тіршілігімен танысты.
Отбасылық үлгідегі балалар ауылында бүгінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 40-тан астам бала тәрбиеленуде. Мұнда тәрбиеленушілер үшін барлық жағдай жасалған. Олар сабақтан тыс уақытта түрлі үйірмелерге қатысып, еңбекке бой үйретеді.
Достық көпірі аясында «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері Сыр елінің тарихи орындарына саяхат жасап, Қызылорданың көрікті жерлерімен танысты. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру: Мәңгілік елге апарар жол» тақырыбындағы конференцияға қатысты. Шара барысында шығыстан келген өнерлі балалар «Армысың, Сыр елі!» атты концерт қойып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Енді Сыр өрендері келер жылы Өскемен қаласына барып, достық көпірін бұдан әрі нығайта түспек.
Ә.ЕРҒАЛИҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.