Семейде қардың үстіне асфальт төсеген жұмысшылардың әрекеті тұрғындардың ызасын туғызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде қардың үстіне асфальт төсеген жұмысшылардың әрекеті тұрғындардың ызасын туғызды

06.11.2018

Семейде тұрғындар жолдың сапасыз жөнделгеніне наразы. Еріген қардың үстіне асфальт төсеп жатқан жұмысшыларды тұрғындар ұялы телефонға түсіріп алған. Сөйтіп, әлеуметтік желілерге жүктеген. Таспада тас жолдағы жөндеу жұмыстары ешқандай талаптарға сай келмейтіні көрініп-ақ тұр.

Жол жөндегендердің шала жұмысына шыдамаған қала тұрғыны Асхат Абдулин барлығын телефонға түсіріп алған. «Олардың салғырттығына бейжай қарай алмадым, ескерту айтқанмен ешкім құлақ аспады», - дейді қала тұрғыны. Ақыры қала басшылары көріп, шара қолданар деген оймен әлеуметтік желіге жүктеген.

Асхат Абдулин, қала тұрғыны:

- Дәл топырақтың үстіне асфальт салып, катокпен таптап жатыр екен. Содан кейін оларға ескерту жасадым.

Сұңғат Сайлаубаев, қала тұрғыны:

- Кеше қар жауды. Бүгін еріген қардың үстіне асфальт салып жатыр. Оның өзі суып қалған асфальт. Халықтың ақшасы желге ұшқанмен бірдей болып тұр.

Анықталғандай, бірнеше көшеде жазда жылу мен ыстық су құбырлары ауыстырылған. Қазылған жолдың ой-шұңқыры енді осылай тегістеліп жатқан көрінеді.

Жөндеу жұмыстары туралы жергілікті билік хабардар болып шықты. Тіпті олар ой-шұңқыры көп жолды уақытша тегістеу үшін осындай әдіс тиімді деп отыр.

Николай Ушаков, Семей қаласы әкімінің орынбасары:

- Ауа райына байланысты биыл бұл жұмыстарды атқару мүмкін емес. Сондықтан, жолдың ой-шұңқырын жауып, беткі қабатын тегістеуді шештік. Ал, келесі жылы маусым айында талапқа сай жөнделетін болады.

«Қыруар қаржы желге ұшты деп наразылық білдірген тұрғындарға уайымдайтын себеп жоқ», - дейді жергілікті атқамінерлер. «Келесі жылы тағы қаржы бөліп, жолды талапқа сай, тақтайдай етіп жөндейміз», деп сендірді. 

 

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу