Қызылорда облысында мұнай өндіру көлемі жылдан-жылға төмендеп барады. Бұл облыс экономикасына теріс әсер етуде. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бұл жөнінде бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Өңірде мұнай қорының сарқылуы 6 жыл бұрын басталып, 10-12 пайызға төмендеп кеткен. Биылдың өзінде 600 мың тоннадай мұнай аз алынады. Бұл жағдай инвестиция көлемі мен салықтық түсімдердің азаюына әсер еткен. Дегенмен, облыс әкімі геологиялық жұмыстарды дұрыс жүргізсе, Сыр өңірінде әлі де мұнай қоры бар деген пікірін білдірді. Оған қоса, биылдан бастап әлемдік нарықтағы жағдайларға байланысты өңірде уран өндіру көлемі де азайған. Дей тұрғанмен, жүйелі жұмыстар нәтижесінде облыс экономикасы өткен жылы 8 пайыздық өсім көрсеткен екен. Биыл да бұл оң үрдіс сақталады деп отыр.
Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Біз ұсыныстарымызды беріп жүрміз. Бірақ, өкінішке қарай, әлі іске аспай отыр. Мысалы, мұнайды 4-5 км тереңдікке дейін бұрғылауға да болады. Мамандардың айтуынша, Құмкөлдің астындағы мұнайды өңдеу үшін геологиялық барлау жұмыстарын өткізу керек. Оған мемлекет тарапынан қажетті қаржы бөлініп отырған жоқ.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.