Ертістің Павлодар өңірінде қырлы алқаптарды суландыру жұмыстары қолға алынуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертістің Павлодар өңірінде қырлы алқаптарды суландыру жұмыстары қолға алынуда

05.11.2018

Аграрлық салада отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруда шөбін тартсаң, май шығатын солтүстік өңірлердің де мүмкіндігі мол. Осы орайда, Ертістің Павлодар өңірінде қырлы алқаптарды суландыру жұмыстары кешенді түрде қолға алынып жатыр. Биыл Екібастұз қаласы және Ақтоғай, Май аудандарына қарасты 34 мың гектардан астам шөлді аумақтарға Сәтбаев каналы мен Ертіс өзенінен су жіберілді.

Болат Аманбаев, тілші:

-  Май ауданында топырақты үйіп жасаған магистральді ашық каналдар бар. Биыл соларға шлюздер қойылып, Ертіс өзені тасыған көктем кезінде сумен толтырылды. Ал, маусым туып, күн ысыған кезде тіршілік нәрі қыраттарға жіберілді. Сөйтіп, шөл дала көл далаға айналды. 

«Қазақстан су шаруашылығы» мемлекеттік кәсіпорны биыл суды есептеп, ұқыпты пайдаланудың салалық бағдарламасын жасаған. Бұл соның нәтижесі.

Ерлік Нұралин, Қалыбай суармалы алқабының учаске басшысы:

- Негізі биыл  52,2 млн. текше метр су бердік. Суландыру Ертіс өзенінің сағасынан басталып, әбден кеуіп қалған Қалыбай көлі арқылы төрт бағыт бойынша жайылды. Су келген елді мекендердің тұрғындары қуанып жатыр. Әсіресе, аптап ыстықта малға жақсы болды.

Ең бастысы, мемлекет бұл шараға еш қаржы шығындаған жоқ. Ертістің жылда жайылатын суын айдалаға жібермей, тоспа жасап, табиғи салалар арқылы су бармайтын шөлді аумақтарға бағыттап отырды. Ал, бұның пайдасын халық көріп жатыр. Шаруашылықтар екі жылға жететін малдың шөбін шауып алды.

Берік Бекхожин, Қазан ауылының әкімі:

- Бір гектардан 20 центнерден алды. Биыл науқан ойдағыдай өтті. Осы алқаптарға су уақытында беріліп, халық шөбін уақытында дайындап алды.

Ал, Екібастұз бен Ақтоғай аудандарының қырлы алқаптарына су Сәтбаев атындағы каналдан берілді. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 23 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Осылайша, Шідертіні бойлай қоныстанған қалың ел су тапшылығынан құтылды.

 

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу