Каскадер Қасым Жұмағожиннің өліміне «Хеллоуиннің» қатысы бар ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каскадер Қасым Жұмағожиннің өліміне «Хеллоуиннің» қатысы бар ма?

05.11.2018

Бізге аты да, заты да жат «Хеллоуин» деген мерекеде адам өлімі болды. Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде осы мейрамға орай ұйымдастырылған кеште каскадер Қасым Жұмағожин кенеттен көз жұмды. Аяқ астынан болған оқыс оқиға қоғамда қызу талыға түсті. Кереғар пікірлер тудырды. Әлеуметтік желіде Қасым Жұмағожин сол кеште тірі әруақтың рөлін сомдап жүріп абайсызда қылқынып қалған деген де сөздер айтылды. Алайда, марқұмның жұбайы бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Сонымен, жұмбақ өлімнің себебі не? Кәсіби каскадердің бақилық болуына оның сомдаған рөлінің қандай қатысы бар?

Бұл марқұм Қасым Жұмағожиннің жуырда түскен соңғы ролигі. Ол бұл жерде күшті, денсаулығы мығым көрінеді. Алайда, кәсіби каскадер әрі цирк әртісі «Хеллоуин» мерекесіне орай түнгі клубта ұйымдастырылған арнайы кеште тірі әруақ рөлін сомдап жүріп, өзін жайсыз сезінген. Қасымға әуелі әріптестері, артынша жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсеткенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады. 

Евгения Ли, «Nomad Stunts» кәсіби каскадерлар тобының PR менеджері: 

- Қасымның 20 жылдан аса тәжірибесі бар. Ол 5 жасынан бастап циркте өсті. Физикалық дайындығы күшті болды. Ол әлемдегі ең мықты актерлердің қиын трюктерін орындаған. Оның қасында клубта ойнаған рөлі салыстыруға келмейтін жеңіл жұмыс. Сондықтан, біз мұны денсаулығына байланысты деп ойлаймыз. Ал, жалған ақпарат таратып жатқандарға айтарымыз, бірінші мәселені біліп алу керек. Осы себепті, оған қатысты ақпараттардың дұрыс берілуін сұраймыз.

Альфия Күнғожинова, «Nomad Stunts» кәсіби каскадерлар тобының мүшесі:

- Қазір бұл туралы айту өте қиын. Өйткені, ол бізге тек әріптес қана емес, отбасымыздың мүшесіндей болып кеткен. Досыңды жоғалту әрине, ауыр. Қасым әрдайым көңілді жүретін және бастамашыл еді. Осындай дәрежеге жету үшін көп еңбек етті, көп күш жұмсады.

Қасым Жұмағожин «Көшпенділер» фильміне түсіп, күрделі рөлдерді сомдап жүрген актер. Одан бөлек, «Дневной дозор» және «Томирис» фильмдеріне түскен. Маманның біліктілігі жоғары болғандықтан, Голливуд пен Болливудтың киноларына көп шақырылған. Ал, оның өмірінің соңғы күніндегі оқиғаға қатысты қалалық ІІД медициналық-сараптама тағайындап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 

Алтынай Бапықбаева, Алматы қаласы бойынша Сот сараптамалары институты директорының орынбасары:

- Жұмағожинге қатысты сот сараптамасы 3 қарашада басталды. Заңда көрсетілген нормаға сәйкес, қорытындысы тек 30 күннен кейін ғана белгілі болады. Сондықтан, қазір қандай да бір болжам айту ерте.

Кәсіби каскадер өнер көрсеткен клубтың директоры мәселенің қалай болғанын айтып, сұхбат беруден бас тартты. Қасым Жұмағожиннің денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Сондықтан, оның жақындары марқұмға қатысты анықталмаған ақпаратты таратуға қарсы. Ал, жұбайы оның клубта түскен видеосы мен суретін жариялап, жалған ақпарат таратқандарды сотқа беретінін айтып, жазбаша мәлімдеме жасаған.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу