Танымалдылығы артып бара жатқан «Хеллоуиннің» мән-мағынасы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Танымалдылығы артып бара жатқан «Хеллоуиннің» мән-мағынасы қандай?

05.11.2018

Қазанның 31-нен қарашаның 1-іне қараған түні әлемнің біраз елі АҚШ пен Канаданың соңынан еріп, мәні мен мағынасын көбі түсіне бермейтін «Хеллоуин» мерекесін атап өтеді. Дін және қоғам қайраткерлері оны «коммерциялық жоба», «мәдени отарлау құралы» десе, педагогтар мен психологтар «зұлымдық бейнесімен жастардың психикасына қауіп төндіретін күн», деп алаңдаушылықтарын білдіреді. Осы «Хеллоуин» деген не? Жастар арасында танымалдылығы артып бара жатқан жат мерекенің мән-мағынасы қандай?

Мақпал Ахмадееваның 3 баласы бар. Жақында қызы баратын білім беру орталығынан апайлары хабарласып, «Хеллоуинге» дайындалып келуін өтінген. Арнайы киім әзірлеп, асқабақтан бұйымдар жасауды тапсырған. Алайда, Мақпалдың өзі бұл мерекені тойлауға қарсы. Сондықтан, қызының «Хеллоуин» кешіне қатысуын қаламаған. 

Мақпал Ахмадеева, қала тұрғыны:

- Қорқынышты костюмдар кигізіп, балаларға асқабақтан әр нәрсе жасататын дүниелер керек емес деп ойлаймын. Тойлаймыз десек, өзімізде де мерекелер толып жатыр.

Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов те «Хеллоуинды» қазақ халқының болмысына, дәстүріне жат мереке деп есептейді. Оның айтуынша, мұхиттың ар жағынан келген мейрамды тойлауды тоқтату үшін нақты шаралар қабылдануы керек.

Сапар Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Еліміздегі түнгі клубтар ақша табу үшін соны дәріптеп, жастардың санасын улап жатыр. Мұны біздің Үкімет, Мәдениет министрлігі саралап,  оны қалай тоқтатуға болатынын талдау жүргізсе деймін. Бірақ, тыйым салғанымен, бұл жұмыс бітпейді. Біз жастардың арасында тәрбие жұмысын дамытуымыз керек.

Ал, мерекенің тарихына үңілсек, ол әлемдегі жын-перілердің ескі мейрамдарының бірі болып саналған. Көрер көзге түрпідей тиіп, оғаш көрінетін ойын-сауық ежелгі кельт мәдениетінің тылсым күштерді ұлықтауы болып саналады. Яғни, христиандық әулие-әмбиелерге тағзым ретіндегі жоралғы тоғысқан.

Сәуле Қабимолдаева, ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары:

- «Хеллоуин» мерекесін тойлау кезінде түрлі заңбұзушылық та кездесіп жатады. Көшедегілердің үрейін ұшырып, көлік дөңгелектерін жарып, жарнамаларды қиратып, түрлі бұзақылық, ессіздік жасағандар да аз емес. Ал, еліміздегі мектептер мен жоғарғы оқу орындарында өзгенің мәдениетін дәріптейтін кешті өткізуге тыйым салынбай келеді. Мектептерде ағылшын тілі сабағы кезінде «Хеллоуинді» атап өтіп жататыны жасырын емес. Бірақ, өңірлердегі Білім басқармаларына министрлік тарапынан аталмыш мерекені өткізбеу жөнінде нұсқаулық хат жіберіп отырамыз. Ал, жасалған ескерту жергілікті атқарушы органдардың құзырында.

Демек, министрлік тарапынан немесе заң жүзінде «Хеллоуинге» әзірге қойылар тосқауыл жоқ. Сондықтан, жастардың санасына сіңіп бара жатқан «зұлымдықтың жаршысы» болған күнді елемей өту ең алдымен, отбасына, ата-ананың балаға берер бағыты мен тәрбиесіне байланысты болып отыр.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу