Павлодар облысында шағын бизнес субьектілері жұмысшылардың жалақысын өсірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында шағын бизнес субьектілері жұмысшылардың жалақысын өсірді

02.11.2018

Павлодар облысында ірі кәсіпорындар ғана емес, шағын бизнес субьектілері де жұмысшылардың жалақысын өсірді. Өңірдегі ұсақ кәсіпкерлік нысандарын түгендеп, тіпті шаштараз бен асханада жұмыс істеп жүрген әр азаматтың еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Сондықтан, облыс басшысы құзырлы мекемеге еңбеккерлердің жалақы мөлшерін анықтауды тапсырды.   

Қағаз қораптар шығаратын шағын кәсіпорын келесі айдан бастап жұмыскерлерін тегін тасымалдайды. Сондай-ақ,  күнделікті тамаққа кететін шығынның жартысын өз мойнына алады.  Өндірістік желінің қаттаушысы  Тілектес Дүйсенованың еңбекақысына үстеме де қосылатын болды. Ол бұрын 60 мың теңге алатын. Енді қараша айындағы еңбекақысы 20 мың теңгеге артады.

Тілектес Дүйсенова, өндірістік желінің қаттаушысы:

Мен мұнда 4 жыл істеп жатырмын. Енді маған ұзақ жылдық еңбек өтіліме байланысты жалақыны көтереміз деді. Әрине, бұған дейін де ең төменгі еңбекақы мөлшерінен анағұрлым жоғары алатынмын. Сондықтан, өте қуаныштымын.

Қазір облыстағы еңбек ұжымдарында жалақы төлеу мөлшері  анықталуда. Кез-келген азамат өкілетті мекемеге келіп, өзінің еңбекақы аударымдарын тексере алады. 

Болат Бақауов, облыс әкімі:

-Мемлекеттік кірістер департаментімен жұмыс жасау қажет. Зейнетақы жинақтаушы қорынан қандай жалақы мөлшерінен жарна аударымдары жасалатының тексеру керек. Сонда жұмыскерге нақты қанша қаржы төленіп жатқаны белгілі болады.

Дерекке қарағанда кейбір ірі кәсіпорындардың өзінде төменгі еңбекақы алатын жұмыскерлер бар. Соның салдарынан облыс жалақы мөлшері төменірек аймақтар санатына кірген. Бұл ретте еңбек басқармасы мынандай уәж айтады.

Асқар Қапанов, облыстық Еңбек басқармасының басшысы:

-Бұл көрсеткіштер зейнетақы жарнасы есебінен алынған. Кейбір адамдардың еңбекақысы төмен болуына олардың демалысқа шығуы, денсаулығына байланысты жұмысқа уақытша жарамсыз болуы және өз есебінен төлемсіз демалыс алуы әсер еткен. Жалақы мөлшерінің 42 мың теңгеден төмен көрсетілуі осыдан.

Үш мыңға тарта кәсіпорын бар өндірісті өңірде ең төменгі жалақы 49 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Еңбекақы көтерілгенімен бағаны тұрақты ұстап қалу басты міндет. Әсіресе, қыстық отын мен су және халықтың басты тұтынатын тауарларының қымбаттамауын қадағалау қажет.

Болат АМАНБАЕВ     

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу