Қазақтың құмай тазысына талас басталды. Біз «бабамыздан қалған мұра», деп қаннен-қаперсіз жатқанда Ресейде алдағы сенбі-жексенбі күндері тазыны қазақтың иті емес, «ортаазиялық борзоя» деп тіркеп, көрме өткізбекші. Хабарландыруды көрген еліміздің тазы жанашырлары «ұлттық құндылығымызға олай ортақтасуға жол бермейміз», деп отыр.
Арзу үш қар басқан. Жасы 4-ке толмаған тазы – нағыз құмай, қазақтың асыл тұқымды иті. Түр-тұрпаты бөлек болып, талапқа сай келгендіктен, сондай бағасын алыпты. Екі жыл қатарынан көрмелерде бірінші орынды иеленді.
Елдос Кәрімқожа, Ақмола облысының тұрғыны:
- Өте жақсы деген баға берді. 100 пайыз қазақы тазыға сәйкес келіп тұр.
Арзудай алғыр тазылар қазақ даласында аз емес. Бүгінде әр елді мекендегі иелері кем дегенде үш-төрт құмайдан асырайды. Тек ит жүгіртіп аң аулау үшін емес, жеті қазынаның бірі болғандықтан баптап отыр. Сол азаматтар Ресейден тараған соңғы жаңалыққа қарсылық танытты. Яғни, Мәскеуде қазақы құмайды тазы емес, «ортаазиялық борзая» деп атап, көрме өткізбекші. Бірақ, өңірлердегі ит иелері оған көнбек емес.
Тіпті фейсбук желісіне де үш министрлік пен Ұлттық спорт қауымдастығына араша түсуді сұрап, жазба жолдаған. Ал, Мәшірүп Смағұлов Ресейде туып-өссе де, басқаға қызықпай, қазақы тазыға құмартқан. Құмай оның 9 жасынан бері серігі. Саятшы жеті қазынаның біріне қатысты ұйымдардың алауыздығы мен мемлекет тарапынан қолдаудың аздығы ұлттық брендімізден айырылып қалуға әкеп соғуы мүмкін деп қауіптенеді.
Мәшірүп Смағұлов, ШҚО тұрғыны:
- Екі ұйым бар. Олар өзара кімнің кім екенін шеше алмай жүр. Қазақстан кинологтар одағы мен Қансонар қауымдастығы. Солар тазылардың ортақ санын шығаруы тиіс. Қазіргі жүргізілген есеп әртүрлі. Тағы көрме өткізіп, мықты сарапшылармен таза құмайларды анықтап, оларды көбейтуге күш салуымыз керек. Бірақ, бұған тиісті министрліктер де, арнайы ұйымдар да құлықсыз.
Міне, «ары тарт», «бері тарт» деп жүйелі жұмыс жүргізілмегеннен кейін ұйымдар қазақы тазыны патенттей алмай әлекке түсіп жүр. Әйтпесе, Халықаралық кинологтар федерациясы «таза қанды мың тазының құжаты болса, әлдеқашан әлемдік деңгейде мойындауға ие болады», деген. Енді жеделдетпесе, көкпар мен киіз үйден қағылғандай, тазыны да тартып алар.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.