Беймезгіл уақытта жүретін жасөспірімдер жасайтын қылмыстық әрекеттер көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Беймезгіл уақытта жүретін жасөспірімдер жасайтын қылмыстық әрекеттер көбейді

01.11.2018

Алматыда қазір беймезгіл уақытта көше кезген жасөспірімдер арасында бұзақылық пен қылмыстық әрекеттер көбейді. Мәселен, кеше түнде өткен «Демалыс» жедел-профилактикалық тексеруінің нәтижесінде кәмелетке толмаған балаларға қатысты 77 әкімшілік құқық бұзу фактісі тіркелді.

Бұл ірі мегаполистің ойын-сауық орындарындағы түнгі көрініс. Көңіл көтеру орны мен түнгі клубтарды оқушылар мен 18 жасқа толмаған бозбалалар торуылдап жүреді. Ал, ата-аналар балаларының беймезгіл жүрісінен бейхабар.

Димаш Қасымбеков, қала тұрғыны:

- Бірінші рет осындай жағдай болды, айып етпеңіздер. Екінші қайталанбайды. Өзім жауап беремін. Баламды қадағалап отырамын.

«Енді кәмелетке толмаған балаларын қараусыз қалдырған ересектердің әрекеті ескерусіз қалмайды», - дейді полицейлер. Себебі, жыл басынан бері 3200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 30-ы міндетін дұрыс атқармағаны үшін ата-ана құқығынан айырылған.

Лейла Әліпбаева, қалалық ІІД Жергілікті полиция басқармасы Ювеналды полиция бөлімінің бастығы:

- Түнгі уақытта балалар қауіпті жағдайға ұшырауы мүмкін немесе балаларға қарсы қылмыс жасалуы мүмкін. Қылмысты жасаудың себебі баланың бос уақытының көптігі.

Қалада он айдың ішінде жасөспірімдер арасында 180 қылмыстық фактісі тіркелді. Оның тең жартысын Алматы облысының жақын елді мекендері мен басқа өңірлерден келген балалар жасаған. Сондықтан, мұндай жағдайды болдырмау үшін тәртіп сақшылары қоғам белсенділерімен бірігіп, түнгі тексерулерді күшейтуге кірісті.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу