Айтуларынша, 60 жыл бұрын салынған баспаналары құлаудың аз-ақ алдында тұр. «Қабырғалары жарылған, жаңбыр жауса, төбемізден су сорғалайды», - деп күйінеді. Жергілікті билік биыл наурыз айында басқа жерге тез арада көшіруге уәде бергенімен, сөз күйінде қалып отыр.
Шанхай ауданындағы бұл үйлерде 70-ке жуық отбасы тұрып жатыр. Баспаналары үш жыл бұрын апатты деп танылған. Арнайы комиссия мұнда тұруға болмайды деп кеткен. Тұрғындардың қолында оны растайтын құжат та бар.
Раиса Бақтыбаева, апатты үйдің тұрғыны:
- Былтыр қыста үйдің іші мұзболды. Еденді басуға ешқандай мүмкіншілік жоқ. Наурызда уәде берді, міне, қыс болды. Білмеймін, балалар ауырып өлу керек пе?!
Жақсыбек Кемал, тілші:
- Қос қабатты бұл үй 1958 жылы салынған. Электр тоғы мен газында да ақау бар. Салдарынан үш жыл бұрын мына пәтер өртеніп кеткен. Содан бері адам тұрмайды.
Өртенген бір пәтердің зардабын енді басқа пәтер тұрғындары тартып отыр. Қабырғалар мен едендегі сызаттан көрші үйлер де суып, ондағылар енді қыстай алмаймыз деп берекесі қашып отыр. Айтуларынша, жергілікті билік өкілдері бұл жердегі бес үйдің тұрғындарын да жаңа жерге көшіреміз деген. Алайда, уәде орындалар емес.
Светлана Артықова, апатты үйдің тұрғыны:
- Жағдайы өте нашар. Құбырлар зорға тұр. Әкімдіктің есігін тоздырдық. Неше рет жиналыс болды. Инвесторлар келеді деп айтады, бірақ, нәтиже жоқ.
Тұрғындар бұған дейін қала әкімдігіне әлденеше рет барып көмек сұраған. Бірақ, ондағылар ешкімге кезексіз баспана берілмейтінін алға тартқан.
Ерлан Рамазанов, қалалық Тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:
- Алматы, Астанадағыдай апатты, ескі үйлерді бұзып, орнына жаңасын салатын бағдарлама болмауына байланысты біз осы мәселені жеке құрылыс компанияларымен шешу жолдарын қарастырудамыз. Олар өздері жағынан тиімді тұстарын қарауда.
Әкімдік өкілінің айтуынша, бес үйдің орнына жаңасын салуға қызығушылық білдірген кәсіпкер әзірге болмай тұр. Бұған дейін Ақтөбеде апатты жағдайда тұрған бір үйдің тұрғындары ғана жаңа баспанаға көшкен. Қазір шаһарда 16 апатты үй бар.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.