Бүгін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Астанадағы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев осындай ақпаратты жариялады.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин Мемлекет басшысына елордадан 7 млн. теңгеге бір бөлмелі пәтер алуға болады деп есеп бергені ел есінде. Маминнің сөзі мен нарықтағы бағаның арасы жермен-көктей деп жұрт шу ете қалғаны рас енді.
Мына үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген. «Кір де, өмір сүр бер» деп мен мұндалап тұрған пәтердің әр шаршы метрі 180 мың теңге. Арзан үйден менде алып қалайын деп орныңыздан атып тұруға асықпаңыз. 1-2-3 бөлмелі пәтерлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары мен әкімдікте кезекте тұрған бұқара арасында үйлестірілмек.
Жансұлтан Матаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Астанадағы орталық филиалының директоры:
- 6-қарашада нәтиже шығады. Кімнің балы жоғары болса, кім уақытылы салып тұрса, жинады. Сол кісілер ие болуға үміткер бола алады.
Үйден үмітті адам кемі үш жыл банкте ақша жинауы шарт. Әрі жиналған қаржы алғашқы жарнаның 20%-нан кем болмауы тиіс. Қалған 80 пайызды банк 5% үстемемен несиеге береді. Айта кетейік, Астана қаласының өзінде 170 мың салымшы бар. Осыншама жұрт 364 пәтердің біреуін иемденуге құқылы. Бағасына сай сапасы демекші бұл үйлер «эконом» санатқа жатады.
Ирина Манжанова, бас мердігер:
- Бұл 4-сынып. Бұл төртінші сыныпқа жататын эконом санаттағы үй ғой. Үйдің сыртын травертинмен қаптап, еденіне гранит салып, үш дәретхана қойып, шаршы метрін 300 мыңнан сатуға да болады. Ал, мына үйлер тапсырыс берушінің талабына сай қолжетімді үй ретінде салынды.
Ирина Манжанованың компаниясы Қазақстанның құрылыс нарығын бүгін дүр сілкінтті. Өзі-ақ кірпіштен соғылған, онымен қоса іші әрленген, барлық коммуникацияларға қосылған дайын үйдің шаршы метрін 180-мың теңгеге салып берді. Тапсырыс болса, әрі қарай қолжетімді үй салуға әзір.
Келер жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тағы 1825 пәтер тапсырылмақ. Егер келер жылды күтпеймін десеңіз алдағы аптаның дүйсенбісіне дейін 364 пәтердің біреуін үміткер ретінде құжат тапсыруыңызға болады.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.