Астанада тағы да сәби шетінеді
Бұл жолы да дүние есігін ашпаған шарана. Анасы 27 жастағы Айгүл Ходжахметова ішіндегі 38 апталық нәрестесінің толғақ қысқанға дейін қозғалып жатқанын айтады. Ал, 26 қазан күні перзентханаға толғақпен барған жас ананы тексерген №3 перинаталды орталықтың дәрігерлері сәби жүрегінің тоқтағанын айтыпты. «Баламның қозғалып жатқанын сезіп жүрдім» деген жас ана, ақ халаттылардың бұл сөзіне сенер емес. Ал, дәрігерлердің өз айтары бар?
Қайғылы жағдайдан кейін Айгүл өз-өзіне келер емес. Айы-күні жетіп, сәбиімді бауырыма басамын деп жүргенде, төбесінен жай түскендей болды. Ол перзентхананың қабылдау бөліміне келгеннен маған селсоқ қарады деп болған оқиғаға дәрігерлерді кінәлап отыр.
Дәрігерлер келіншек келген бойда баланың жүрек қағысын бақылайтын құрылғымен оны тексеріпті. Алайда, сәби жүрегінің соқпай тұрғанын анықтаған. Сол кезде келіншектен қан кете бастапты. Қауіптің алдын алу үшін тез арада операция жасапты. Мамандардың айтуынша, келіншектің ағзасы өте әлсіз. Себебі, Айгүл соңғы 3 жылда 4 рет жүкті болған. Оның екеуі 4-6 аптасында іште өлген.
Гүлназ Досмырзаева, №3 перинаталды орталығы бас дәрігерінің орынсбасары:
- Ол бір жылға толмай қайтадан көтеріп тұр. Бір жылдың ішінде екі жүктілік болып тұр. Кішкене күтініп демалу керек еді. Емін алып, жоспарлау керек еді. Төртінші жүктілік кезінде қан анализі дұрыс болмаған.
Мұнымен Айгүлдің жолдасы да келісер емес. Үлкендері 3 жастағы бөбектерін көтеріп жүргенде де, соңғы жүктілік кезінде де келіншегінің еш қиналмағаннын айтады.
Жәнібек Мұрсалов, қала тұрғыны:
- Олар айта береді. Олар кінәлі болмас үшін айта береді.
Ашынған әке құзырлы мекемеге дәрігерлердің үстінен арыз жазыпты. Сәбидің денесіне жасалған сараптама жұмыстарының қорытындысы бір айдан кейін дайын болады. Істің ақ қарасы да сол уақытта белгілі болады.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы