Уран кеніштерінен қауіп бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Уран кеніштерінен қауіп бар

31.10.2018

Солтүстік Қазақстан облысы аумағында жұмысы тоқтаған уран кеніштерінен тұрғындар денсаулығына қауіп бар.

5 уран кеніші бар. Радиациялық қауіпті аумақтарда тұрғындар мал жайып, ескі ғимараттарды бұзуын тоқтатар емес. Экология департаменті жергілікті әкімдіктерге кеніштерді бақылауға алу туралы ұсыныс жасағанымен, ешқандай шара қолданылмай отыр. 

30 жыл бойы жер астындағы кеніште жұмыс істеген Василий Гречконың  жасы қырықтан асқасын-ақ денсаулығы сыр бере бастаған. Қарт кенші бойындағы қазіргі дерттің бәрін кәсібімнен келген дейді.

Василий Гречко, зейнеткер:

- Ол кезде бізге ешкім уранның қаупі, салдары туралы айтқан жоқ. Оны сұрайтын бізде шама да болған жоқ. Жердің астында білмейсің ғой не екенін, тас шығарады. Одан уран алады. Бір қызығы, қазір ауруымды ешкім тап басып айта алмайды. Жазда ылғи тоңып жүремін.

Бұл Айыртау ауданындағы Новоукраинка ауылы жанындағы шахта. Бір кездері дүркіреп тұрған, мамандары Мәскеуден келіп еңбек еткен кеніштің бүгінде қирандысы ғана қалған, апат болған Чернобыльден айырмашылығы жоқ десе де болады.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

- Бұл жер комбинаттың кенішке түсетін орны. Шахтерлер осы жерден 300 метр тереңдікке дейін түсіп отырған. Ал, қазір өздеріңіз көріп отырғандай, комбинаттың тек қираған қаңқасы ғана қалған.

Экологтардың айтуынша, жергілікті билік бұл мәселені шешуде немқұрайлылық танытып отыр. Бақылау болмаған соң, тұрғындар ғимараттарды бұзып алған.

Азамат Бектасов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Екі уран кенішінде ашық шахта анықталды. Бұл шахталардан радияцияның жоғарылауы байқалды. Бүгінгі күні осы шахталарды республикалық балансқа отырғызу үшін ұсыныс болды.

Ал, Саумалкөл ауылындағы мына үйлер мен әлеуметтік нысандар сол кезден қалған естелік секілді. Тұрғындары көшіп, базары тарқаған елдің жұртында зәулім үйлердің қаңқасы ғана тұр.

 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу