Алматы облысындағы Көксу қант зауытында тағы ұзын-сонар кезек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Көксу қант зауытында тағы ұзын-сонар кезек

30.10.2018

Алматы облысындағы Көксу қант зауытында биыл тағы да ұзын-сонар кезек. Кәсіпорын жұмысын жандандырған төрт жылдың ішінде бұл мәселе сол күйі шешімін таппады. Шаруалар ала жаздай баптап өсірген өнімін өткізу үшін тәуліктеп кезекте тұруға мәжбүр. Ал, зауыт биыл барлығы 230 мың тоннадай қызылша қабылдамақшы. Қазір оның тең жартысын жинап алған. Ал, синоптиктер болса алдағы күндері өңірде ауа райы күрт суытады деген болжам айтуда. Қант қызылшасы төңірегіндегі мәселені қалай шешуге болады?

Қант қызылшасын тиеген көліктерді бір жерге тізіп қойса, 2-3 шақырымдық кезек шығады. Екі жолақты жолдың бір бөлігін иемденіп алған олар басқа көліктердің кептелісін жасап отыр. Өнімін өткізбек болған халық қызылкеңірдек болып бітті.

Ғалым, қызылша тасушы:

- Кешеден бері әлі тұрмыз. Зауытта орын жоқ. Екі күннен кейін суық басталады.

Ал, зауыт қант қызылшасын таңғы сегізден кешкі сегізге дейін қабылдап жатыр. Орта есеппен тәулігіне алуан түрлі 270-300 көлік кіреді. Қазір көбінің тіркемесі бар. 12 сағатта 4,5-6 мың тонна тәтті түбір төгіледі.

Алтынбек Абатов, зауыт директоры:

- Түнгі сағат 2-3-ке дейін аумақтағы қалған техникаларды түсіріп, бәрін таң атқанға дейін дайындап қоямыз.

Жылдан-жылға қызылша өсірушілердің саны артуда. Биыл ауа райы қолайлы болып, өнім де аста-төк шықты. Ала жаздай атқарылған жұмыс зая кетпес үшін бәрі бірден өткізіп тастағысы келеді. Шаруалардың айтуынша, Алматы облысында 5 қант зауыты болған. Қазір олардың тек екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Мәселе өндіруші кәсіпорындар көбейгенде бір-ақ шешілмек.

Әбен Тайжанов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Әр ауданның өз зауыттары болуы керек. Мысалы, бүгінгі таңда Ескелді ауданындағы зауытты толықтай 100 мың тоннаға дейін қамти аламыз.

Тоқтап тұрған зауыттарды қалпына келтіру немесе жаңадан кәсіпорын ашу қомақты қаражатты қажет етеді. Екі зауытты әрең дегенде іске қосқан өңір басшылығы үшін ондай тәуекелге барар қалталы инвесторды да табу оңайға соқпасы анық.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу