Алматы облысында шаруалар қант қызылшасын өткізе алмай дал - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында шаруалар қант қызылшасын өткізе алмай дал

17.10.2017

Көксу қант зауыты тәтті түбірді қабылдап үлгермей жатқандықтан, ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Зауыт тәулігіне 300-ден астам көлікті қана қабылдай алады. Сондықтан, өнімін өткізе алмаған өзге шаруалар зауыт алдын күні-түні қарауылдауға мәжбүр. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

 - Көксу қант зауытына жүк көліктерінен тізілген керуеннің ұзындығы 1,5-2 шақырым. Шаруалар өнімін өткізу үшін тәуліктеп кезегін күтуге мәжбүр. Жылда былай жалғаса берсе олар қызылша өсіруді доғарамыз деп шағым айтуда.

Нәсипа Қасымова, Мұқыры ауылының тұрғыны:

 - Қызылшаны егіңдер, егіңдер дейді. Ексең міне машинаның құны екі есе өсіп кетті. Бензин ол өсіп кетті. Мына жерге келсең түнімен қонасың. Сонда біз қайтып жан бағамыз, білмеймін.

Қызылша қабылдау пункті таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Одан кейін зауыт аумағына кіріп үлгерген көліктерге түнімен қызмет көрсетеді. Осы уақыт аралығында 4,5-5 мың тонна өнім қабылдайды. Кәсіпорынның мүмкіндігі осы. Ал, зауытқа 3 аудан мен  екі қаладан 500-ге жуық шаруа қожалығы өнім тасиды.

Алтынбек Абатов, зауыт директоры: 

 - Мынадай кезек болып, машиналардың кептеліс болып жатқанын мен қатты проблема деп ойламаймын. Бұл қызылшаның ауданымызда, облысымызда бар екенін көрсетіп тұр. Көп болғаны бізге де жақсы, шаруашылықтарға да жақсы. Қабылдап жатқан көлемді көріп тұрсыздар. Соған қарағанда оны проблема деп ойламаймын. Оған қуану керек.

Былтырға қарағанда қызылша өсіретін жер көлемі ұлғайды. Сәйкесінше, өнім де көп. Жергілікті билік кезекті реттеу шаруалардың өз қолында екенін айтады. Ол үшін жиналған өнімді бірден өткізу үшін зауытқа қарай ағылудың қажеті жоқ, - дейді олар. 

Сексенбай Бекішев, Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:

 - Шаруашылықтар егер мындай кептелісте тұрмаймын десе, сол поляда жинап, оны ары қарай тасуға болады. Өйткені, біздің ауа райына да қарап үйіп қойған қызылша ол жерде бұзылмайды. Бұл жерде де мінеки үйіліп жатыр. Ол жерде сол қалпында жатар еді.

Биыл Ақсу қант зауыты іске қосылып, екі ауданның өнімі сол жерде қабылданып жатыр. Осылайша, кептеліс сәл де болса азайды. Десе де, биыл қант қызылшасы өте көп жиналды, сондықтан сарыла кезек күткен шаруаларға шыдағаннан басқа амал жоқ.

 Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу