Алматылықтардың суға берешегі 100 млн теңгеден асып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылықтардың суға берешегі 100 млн теңгеден асып кеткен

29.10.2018

Қарыздарын уақытылы төлемеген тұтынушыларға айыппұл да салынды. Десек те, мұны елеп-ескеріп, төлеуге асыққан борышкер жоқ. Тілші материалы.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

Алматы қаласында суық суға қарыз жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар көбейген. Мәселен, қазір біз Төле би көшесінің бойындағы сауда кешенінде тұрмыз. «Алматы су» мекемесі мен сот орындаушылар бұл сауда орнын суық судан ажыратты. 

Себебі, сауда кешенінің иесі судың да сұрауы бар деген тәмсілді ескермейді. Жүздеген жалгерлерге кешенді жалға беріп, қыруар қаржы тапқанымен суға көк тиын да төлемепті. Борышкердің қарызы үш жылда 4 млн. 7313 теңгеге жеткен. Кәріз қызметіне берешегі 885 328 теңге. Алайда, меншік иесі қарызын төлемеуінің себебін түсіндірмек түгелі, қарасын да көрсетпеді.    

Нұрлан Бопазов, «Алматы су» МКК директорының орынбасары:

- Егер де құжаттары дұрыс болмаса не қолында бар құжаттармен келсе де болады. Біз ол кісілерге бөліп төлеуіне де келісеміз. 

Жалпы, біз мысалға келтірген борышкер қарызға белшесінен батқан жалғыз кәсіпкер емес. Жылдаған берешегі жүз мыңға жеткен жеке тұлғалар да бар.

Тексерушілер келсе қарызы бар борышкерлер есіктерін мүлдем ашпайды. Ашқан күнде де түрлі сылтау айтып жауапкершіліктен жалтарады.

Шафкат Сайытов, зейнеткер:

- Алпыс мың, елу тоғыз мың аламын. Жағдайымды айтып тұрмын. Үйдегі жеті адам да жұмыс істемейді. Сол үшін ақырындап төлеймін. 

Жыл басынан бері қала тұрғындары 107 млн. текшеметр су тұтынған. Оған 8 млрд. 580 млн. теңге төлеген. Алайда, екі-үш жылдан бері қарызын қайтармай жүргендер бар. Олардың 1,59 млн. текше метр суға қарызы 102 млн. теңге.

Тонналап су тұтынатын, бірақ, тіршілік нәрінің ақысын бергісі келмейтіндер уақытында төлеп отырған тұрғындарға залалын тигізіп отыр. Сондықтан, мамандар қарызды дер кезінде өтемесе, сотқа беріп үлкен көлемде айыппұл салады.  

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу