Ресейдің Омбы қаласында қазақстандық тауарларға сұраныс жоғары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Омбы қаласында қазақстандық тауарларға сұраныс жоғары

29.10.2018

Осыдан 2 жыл бұрын ашылған отандық сауда дүкендерінде ай сайын 10 миллион теңгеден артық тауар сатылады. 

Алла Чистякова қазақстандық тауарларды жиі тұтынады. Әсіресе, макарон өнімдері мен тәттілердің сапасы жергілікті өнімнен анағұрлым артық дейді ол.

Алла Чистякова, Омбы қаласының тұрғыны:

- Бесбармаққа арналған кеспені ылғи сатып аламын. Дәмі керемет, пісіргенде жақсы, езіліп кетпейді. Басқа макарондар да дәмді. Қазақстандық тәттілерді көп сатып аламын.

Наталья Кондибей, сатушы:

- Біздің тауарларды жақсы көреді. Қаланың әр шетінен келіп алатындар да бар. 

Омбылықтар қазақстандық дүкендерде ай сайын кемінде 10 миллион теңгеге сауда жасайды.  Аптасына екі рет тауар жеткізіледі.

Бұл дүкенді Қазақстанның Омбыдағы бір бұрышы десе де болады. Сөрелерде самсап тұрған тауарлар біздің елімізде жасалған. Омбылықтардың арасында ет өнімдерінен басқа дәмі тіл үйіретін тәттілер де сұранысқа ие.

2022 жылға дейін өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты жарым есеге артуы тиіс. Бұл Елбасы Жолдауындағы негізгі міндеттердің бірі. Қазақстандық тауардың сапасы жақсы, бірақ жарнамасы кемшін.

Қонысбек Жүсіпбеков, консул:

- Қазақстанның бидайынан Ақмола облысы мен Омбы облысының шекарасында ұн шығарып жатыр. Қазақстанның тауарларын бері қарай кіргізу бойынша жұмыстар істеп жатырмыз. Бұған қоса, Түмен облысында да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

Солтүстік Қазақстан Ресейдің 3 облысымен шектеседі. Негізінен ет-сүт өнімдері мен ұн экспортталады. «Соңғы уақытта сүт өнімдеріне де сұраныс артып келеді», - дейді мамандар. 

 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу