Ақтауда қалталы азамат үйсіз жүрген екі жанұяға пәтер сыйлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда қалталы азамат үйсіз жүрген екі жанұяға пәтер сыйлады

26.10.2018

Ақтаулық Атымтай Жомарт қайырымдылық дүкенін ашты. Онда қала тұрғындарынан жиналған киім-кешек, тұрмысқа қажетті жабдықтар мен азық-түліктер көпбалалы отбасыларға тегін беріледі. Ал, тағы бір қалталы азамат тағдырдың тауқыметін тартқан екі жанұяға пәтер сыйлады. Осылайша, үйсіз-күйсіз тарығып жүрген жанұялардың еңсесі көтеріліп, мерейі тасыды.

Гүлшат Әбиева өз құлағына өзі сенер емес. Өйткені, ол баспаналы болудан әлдеқашан үмітін үзген. Еден жуып тапқаны күнделікті ішіп-жемге де жетпейді. Ал, тұрғын үй кезегі 13 жылдан бері жылжитын түрі жоқ. Жалғызілікті ана 4 баламен сарай жалдап тұрады. 2 перзенті мүгедек. Отбасының ауыр күнкөрісі ақтаулық мейірімді жанды бейжай қалдырмады.   

Қаладағы «Мейірімді» деп аталатын тегін әлеуметтік дүкен көпбалалы отбасылар үшін ашылған. Мұнда қала тұрғындары әкелген таза, жаңа киімдер, тұрмыстық заттар мен азық-түлік жағдайы нашар жанұяларға үлестіріледі. 5 балалы Гүлбаршын Әділбаева ұл-қызын осы жерден киіндіреді.

Гүлбаршын Әділбаева, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

- Жолдасымның тапқан айлығы ештеңеге жетпейді. Мейірімді дүкені ашылғалы киімді, тамағымды, заттарды осы жерден алып тұрамын. Көп-көп рахмет.

Қазір дүкенде 61 отбасы тіркелген. Олар көпбалалы, үйсіз-күйсіз, баспананы жалдап тұратын жандар. Арасында қараусыз қалған зейнеткерлер де бар. Еріктілер олардың жағдайын көріп, тізімге алған.

Аббат Өрісбаев, дүкен иесі:

- Мейірімді жандар көп. Кейбірі осындай отбасыларға қалай көмектесерлерін білмейді. Сондықтан, осы дүкендер арқылы мейірімді азаматтар келіп, көмектерін көрсетсе деген ойымыз бар. Мейірімділікті көрген балалар кейін өскенде өздері де мейірімділік жасайды деген оймен іске асқан игі іс бұл.

Әлеуметтік дүкенда апта сайын 1,5 тонна киім-кешек үлестіріледі. Ал, ашылғалы бір жылда 9 тонна азық-түлік пен 20 тоннадай киім таратылған. 20 мың отбасы көмек көрді. Тегін дүкеннің Бейнеу, Қарақия, Түпқараған аудандары мен Жаңаөзен қаласында да бөлімшелері жұмыс істейді.

 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу