Астанада аграрлық салаға арналған халықаралық көрме басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада аграрлық салаға арналған халықаралық көрме басталды

24.10.2018

Ауыл шаруашылығындағы тәжірибелерімен бөлісіп, технологияларын көрсетуге әлемнің 300-дей компаниясы келді. Бұл агроиндустриалды мемлекетке айналуды көздеген біздің ел үшін келіссөз жүргізіп, іскерлік қатынас орнатуға үлкен мүмкіндік. Тіпті көрмеден қарапайым шаруашылық иелері де керегін іздеп жүр.

Баянауылдық шаруа ірі қара бағады. Мың гектар жері де бар. Бірақ, сол алқаптан мол өнім алуына ауылдағы техникалары қауқарсыз. Кеңестік кезден қалған, ескі. Сол себепті, көрмеге келіп, мал азығын мейлінше шығынсыз әзірлейтін шөп шабу машинасын іздеп жүр. 

Айтжан Шерапиев, шаруа қожалығының иесі:

- Техникалар ұнады. Өнімділігі, сапасы жоғары және сервистік қызмет көрсетулері де жоғары екен.

Көрмеге әлемнің бірнеше елінен 300-дей компанияның ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктері мен техникалары қойылған. Бұлардың қатарында мына Қазақстанда құрастырылған екі ору комбайны шетелдікінен еш кем түспейді. Соңғы үлгіде жабдықталған, өнімділігі өте жоғары. Ал, мына техника тіптен ерекше. Жерді жыртады, жерді қопсытады, жерді тыңайтады. Былайша айтқанда, барлық технологиялық процестерді атқаратын трактор.

«Республикада бұған теңесер трактор жоқ», - дейді мамандар. 2000 данасы сатылған. Ору комбайндарының да өтімі жаман емес. Құны 40 млн. теңгеден асады. Тек мұндай техниканы әрбір шаруа қожалығы иесінің иемдене алмайтыны мәселе.

Дүйсенғазы Мусин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Біз бәсекеге қабілетті шаруалардың қаржылық мүмкіндіктері келетін отандық техниканы шығаруды ойластыруымыз керек. Бұл өте үлкен шаруа. Жалпы, солтүстіктегі ондаған млн. гектарларды өңдеу, оның бәрін біздің табиғатқа бейімдеп келтіретін, ең негізгі сапа мен шаруалардың мүмкіндіктері келетін техника өндіру.

Қазір ауыл шаруашылығының сан саласын дамыту бойынша бағдарламалар бар. Еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін көтеру екібастан. Оған қоса, өсімдік сұрыптарын түрлендіріп, малды асылдандыру жағы да назарда. Бірақ, соның бәрі озық техника мен технологиясыз бос әуре. Сондықтан, Айтжан Шерапиев сынды шаруалардың қаражаты мен қалауына қарай қолайлы мүмкіндіктер жасалса.

  

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу