Басты Жаңалықтар Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінде жемқорлық фактісі жиілеген

Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінде жемқорлық фактісі жиілеген

Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінде мемлекеттік сатып алуларды қайта-қайта бір компаниялар ұтып ала береді. Парақорлық үшін сотталған комитет басшысының жағдайы әріптестеріне сабақ болмай отыр. Бұл туралы бүгін Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен жиында айтылды. Ведомстводағы басты мәселелердің бірі – кадрлардың жұмысқа деген қызығушылығының төмендігі. Сондай-ақ, комитет мамандары жиі ауысып отырады екен. Бұған қоса, қызметкерлердің төмен жалақысы мен жұмыс ауқымы да жемқорлық фактілерінің көбеуіне әсер еткен. Бүгінгі жиында осы сынды қылмысты азайту, жалпы жағдайды реттеу жөнінде пікірлер айтылды.

Айта кету керек, былтыр осы Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің экс-басшысы ақша алып, сотталған еді.

Әйгерім Пәрменова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жемқорлыққа қарсы саясат департаменті басқармасының басшысы:

- Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінде жемқорлық фактілері жиілеп кетті. Оның себептерінің бірі – жүйенің автоматтандырылмауы. Мәселен, мемлекеттік қызметтің 70 пайызы қағаз, яғни, құжат түрінде жүргізіледі. Электронды түрде атқарылып жатқан жұмыстар аз. Соның салдарынан адамдар жүзбе-жүз кездесіп, пара алу сынды қылмыстық әрекеттерге барып жатады.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу