Бурабай курорттық аймағында әлемде болып жатқан дүмпулерді сезуге болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бурабай курорттық аймағында әлемде болып жатқан дүмпулерді сезуге болады

23.10.2018

Біз білмейтін Бурабай. Тұмса табиғатымен танымал курорттық аймақта қырғи қабақ соғыс уақытында құпия обсерватория жұмыс істеген. Географиялық орналасуы айрықша өңір барлау орны ретінде қолданылған. Бурабай туралы тың деректі білетіндер некен-саяқ.

Ермек Елберген, тілші:

- Бурабай өзінің тұмса табиғатымен ғана емес, сондай-ақ, географиялық қасиеттерімен де ерекше. Курорттық аймақта әлемде болып жатқан ірі дүмпулерді сезуге болады. Әрине, арнайы құрал-жабдықтардың көмегімен. 

Бурабайдың бұл қасиеті өткен ғасырдың ортасында анықталған. Кеңес Үкіметі Америка Құрама Штаттарының Невада полигонындағы атом бомбасының сынақтары жайлы ақпарат алуға мүмкіндік беретін орын іздейді. Арнайы экспедициялар құрылады.

Павел Косович, ғалым-зерттеуші, кітап авторы:

- Нәтижесінде осындай жер табылды. Ең тиімді орын Бурабай көлінің жағалауындағы аймақ. Ол жерде тектоникалық жарық болған. Ол қазір де бар. Құрылғылар арқылы Невада полигонындағы ұсақ жарылыстарды да тіркеуге мүмкіндік пайда болды. Өте құпия қызмет болған. 

Павел Косович пен Әліби Ғазиз - Бурабай тарихы туралы кітаптың авторлары. Кітаптың бір бөлімі осы құпия станцияға арналған. Зерттеушілердің айтуынша, бар гәп - Бурабайдың орналасқан жерінде.

Әліби Ғазиз, кітап авторы:

- Басқа мемлекеттердегі лабораториялар 7-ден кейін ғана байқайды, сезеді екен. Ал, мына жер 3-4-ті сезе береді. Оған қандай себеп бар деп, қарадық. Сонда Бурабай гранит деген плитаның үстінде тұр екен. Оның ұзындығы 70 шақырым. Бір шеті Чкаловта, бір шеті Степнякта, Зерендіде тұр.  

Бурабайда алынған ақпараттардың халықаралық мәселелерді шешуге септігі тиді. Осы мәліметтердің арқасында Кеңес Одағы өзге мемлекеттерден оқ бойы озық тұрды.  

Павел Косович, ғалым-зерттеуші, кітап авторы:

- Женевада өткен қарусыздану конференциясы кезінде осы жерде алынған ақпараттар үлкен рөл атқарды. Қателеспесем, 76 жылы өтті. Америкалықтар «биыл 12-15 сынақ қана өткіздік, ядролық қарусыздану тақырыбы өзекті емес», дегенде, Кеңес үкіметінің тарапы 36 сынақтың өткенін  дәлелдеп берген.

Құрама Штаттар бұл жерге ерекше қызықты. «Еліміз Тәуелсіздік алысымен АҚШ өкілдері Бурабайда жұмыс істеуге ниет білдірді», - дейді 1990 жылдары Көкшетау облыстық Ұлттық Қауіпсіздік басқармасының басшысы болған Владимир Божко.

Владимир Божко, Көкшетау облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік басқармасының бастығы (1991-1993):

- Ресейдің ғылым академиясынан Велихов деген академик америкалық әріптестерін алып келіп, зертханаға түсіп, барлығын көрсетуді бастапты. Мұрағаттардан ақпарат алу мәселелері көтерілген. Сол кезде барып айттық: - Қазақстан енді Тәуелсіз мемлекет және біз өз мәселемізді өзіміз шешеміз. Осылайша, шетелдіктерді шығарып салдық.  

Кезіндегі құпия станция осы жерде орналасқан болуы керек. Бурабайдағы ормандардың ортасында. Бұл жерде қазір бұрын станция болды деп дөп басып айтатындай, ешқандай дәлел көрмейсіз. Дегенмен, бұл жерде арнайы бір жолақтың болғаны, оны кейін жасанды түрде арнайы тастармен жабылғаны бірден байқалады.

Құпия обсерваторияда болған жабдықтар геофизика орталығына беріліпті. Ал, кезінде қызмет істегендерді бүгінде табу қиын. Себебі, олардың бәрі Ресейден келген мамандар болған көрінеді.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу