Қызылордада Татуласу орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада Татуласу орталығы ашылды

23.10.2018

Қызылордада сотқа дейінгі даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге жаңа мүмкіндік ашылды. Шаһарда еліміз бойынша тұңғыш рет кәсіби мамандандырылған Татуласу орталығы өз жұмысын бастады. Пилоттық жобаны жергілікті атқарушы орган Жоғарғы сот төрағасының ұсынысымен жүзеге асырып отыр.

Жыл басынан бері аймақта 4,5 мыңнан астам тұрғын медиаторлардың кеңесіне жүгінсе, 830 іс бойынша тараптар татуласып, өзара келісімге келген. Аталы сөзге тоқтаған қазақ үшін бүгінгі қоғамдағы дау-жанжалды шешудің тиімді тетігі татуласу орталығы болмақ. Мұндағы медиаторлар тараптардың құқықтарын тең дәрежеде сақтай отырып, бейтарап ұстанымды негізге алады. Сондай-ақ, дауға қатысты мәліметтер құпия сақталады.

Маратбек Нұржанов, Татуласу орталығының жетекшісі:

- Халықтың соттасуының, дауласуының алдын алуға үлкен жұмыс болып тұр деп есептейміз. Жобада үш медиатор, жоба жетекшісі, ғылыми кеңесші, психолог жұмыс істейді.

Мамандардың айтуынша, тұрғындар көбіне-көп коммуналдық төлем мәселесі мен ұжымдардағы еңбек дауларына қатысты жиі сотқа жүгінеді. Енді мұндай келіспеушіліктер мүмкіндігінше медиация тәртібімен реттелмек.

Азамат Жұмамұратов, Қызылорда облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы:

- Ата-бабаларымыз дау-дамайларды сөзбен тоқтатқан болатын. Татуласу орталығының тиімділігі көп. Корпоративтік даулар, отбасылық дау-дамаулар, әкімшілік, азаматтық істер де өзінің шешімін табады деп ойлаймыз.

Болашақта Татуласу орталығында азаматтарға құқық қорғау органдарының өкілдері мен прокурорлар заңнамалық кеңестерін бермек. Сыр өңіріндегі пилоттық жобаны алдағы уақытта өзге облыстарда да іске асыру көзделуде.

 

Асқар СӘРСЕНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу