Атырауда туризм саласы күн санап дамып келеді. Әсіресе, Қиғаш өзенінің жағалауында демалушы шетелдіктердің саны артқан. Оларды аймақтағы тарихи орындар мен табиғат аясы ерекше қызықтырады.
Шетелдіктердің айтуынша, бұл аумақ аң аулауға ыңғайлы әлемдегі бірден-бір орын екен. Мұнда құстың 100-ге жуық, ал, балықтың 15-ке тарта түрі бар. Тек қарапайым үйректің 10-ға жуық түрін кездестіруге болады.
Талайды таңдай қақтырып тамсандырған Құрманғазы ауданындағы жасыл белдеуде аққу аралы мен лотос алқабы да жайғасқан. Балықтың алуан түрі мекендейтін өзеннің орны бөлек.
Игорь Ершов, әуесқой балықшы:
- Мен мұнда балық аулау үшін жыл сайын келемін. Балықтары өте дәмді. Әрі адамдары да мейірімді. «Әттеген-айы», жол жағы қиындау. Егер, қатынас жағы жөнделсе, туристердің көптеп келетініне сенімдімін.
Өзен жағасында орналасқан бұл демалыс орнына жыл сайын 100-ге жуық европалық келеді. Солардың бірі француз Мотье Бретонның айтуынша, Қиғаш жағалауы Аргентинадан кейінгі аңшылықпен айналысуға ең ыңғайлы жер.
Мотье Бретон, турист:
- Мен әлемнің көптеген елінде саяхаттадым. Аргентинадан кейінгі аңшылыққа ең қолайлы аймақ осы Қиғаш жағалауында деп айтқым келеді. Мәселен, Францияда үйректің 4 түрін атуға рұқсат етілген. Ал, Қазақстанда 10 түрін аулаға болады. Табиғаты мен ауасы адамды ерекше әсерге бөлейді.
Тұмса табиғаты бар көрікті мекен әлі де насихаттауды қажет етеді. Енді жауаптылар ғажайып аймақты әлемге танытпақ ниетте.
Ғалымжан Сейілов, «Қазақ туризм» ҰК бас менеджері:
- Атыраулық ағайындар үшін күнделікті көріп жүрген нәрсе болуы мүмкін. Бірақ, мұны туризм жағынан қарастыратын болсақ, бұл аймақ үлкен потенциалға, үлкен әлеуетке ие.
Келер жылы мұнда түрлі бағыттағы фестивальдерді ұйымдастыру көзделген. Мәселен, Лотос гүлі апталығы және балық өнімдерінен «ФишБармақ» шарасы өткізілмек.
Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.