Ақтөбе облысында соңғы үш жылда 80-нен аса спорт нысаны салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында соңғы үш жылда 80-нен аса спорт нысаны салынған

23.10.2018

Олардың қатарында жекпе-жек сарайы, хоккей модулі, мұз сарайы мен теннис орталығы секілді ірі нысандар да бар. Қазір өңір халқының 31 пайызы салауатты өмір салтын ұстанады. Осылайша, Елбасының «2020 жылға дейін халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысуы керек» деген міндеті облыста алдын ала орындалып отыр.

Ақтөбеде екінші теннис орталығы салынуы тегін емес. Себебі, өңірде үлкен тенниске қызығушылығы зор жасөспірімдер көптеп өсіп келеді. Қазірдің өзінде үйірмелерге 1000-нан аса бала қатысып жүр.

Болашағынан үлкен үміт күттірер жеткіншектің бірі - Мансұр Сайынов. Небәрі 9 жастағы спортшы бос уақытын теннис кортында өткізеді. Бүгінге дейін республикалық бірнеше турнирді ұтып үлгерген.

Мансұр Сайымов, жас теннисші:

- Менің жетістігім республикалық жарыстан 5 бірінші орын, 2 екінші орын алдым. Болашақта Роджер Федерер сияқты болғым келеді.

Қалада таяуда ашылған нысанның бірі - еліміздің батыс аймағында теңдесі жоқ мұз сарайы.  Арена 2,5 мың көрерменге арналған. Жоба құны 3 миллиард 700 миллион теңге. Оның 70 пайызын словакиялық компания қаржыландырды. Мұнда хоккей академиясы мен мәнерлеп сырғанау мектебі жұмыс істейді. Сондай-ақ, 28 жылдық үзілістен кейін қайта ашылған «Ақтөбе» хоккей клубының ойындары өтеді.

Игорь Рубцов, «Ақтөбе» хоккей клубы балалар командасының жаттықтырушысы:

- Жаңа мұз сарайының ашылғанына өте қуаныштымыз. Мұнда бәрі керемет. Біздің жастарымыз қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Республикалық турнирлерде 2-ші, 3-ші орындар алдық. Енді бірінші болуға тырысамыз.

Соңғы үш жылда облыста 85 нысан салынды. Оның 35-і жаттығу залы, 7-еуі үлкен спорт кешені. Сондай-ақ, 1 стадион мен 42 спорт алаңы ел игілігіне берілді. Нәтижесінде қазір өңір халқының 31 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады.

Мейрамбек Махамбетов, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрдайым спортқа ерекше көңіл бөледі. Соңғы Жолдауында спорт саласына нақты тапсырмалар берді. Бізде қазір облыс орталығынан бөлек, аудандарда да спорт инфрақұрылымына жақсы көңіл бөлінуде. Қазір 12 ауданның бесеуінде жаңадан дене шынықтыру және сауықтыру спорт кешендері бой көтерді. төртеуінде құрылыс жұмыстары аяқталуда.

Жуырда Қобда ауылында да дене шынықтыру-сауықтыру орталығы қолданысқа берілді. Нысанда бассейн, бокс және фитнес залдары, баскетбол және волейбол алаңдары бар. Келесі жылы тағы  үш ауданда құрылыс жұмыстары басталады. Спорт саласының мамандары бұл жұмыстар ауыл жастарының да үлкен жетістіктерге жетуіне себеп болады деп сенеді.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу