«Махаббат кафесі» фильмі көрермендерге жол тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Махаббат кафесі» фильмі көрермендерге жол тартты

23.10.2018

Алматыдағы «KinoPark-11 IMAX Esentai» кинотеатрында «Махаббат кафесі» фильмінің тұсаукесері өтті. Жол үстіндегі жүргіншілерге қызмет көрсететін асхананың ішіндегі өмір туындының өзегіне айналған. Шым-шытырық оқиғаға құрылған комедиялық драманың көрермендерге берері не? Әнші Ерке Есмахан басты кейіпкерді сомдайтын кинокартина несімен ерекше? Көрерменге айтар ойы қандай?

«Ас - адамның арқауы», демекші Ерке Есмаханның киносында ас-су махаббаттың арқауына айналады. Өйткені, асханада танысатын қос ғашықтың өмірі тікелей аспаздықпен байланысты. Бірі аспаздың ерке қызы болса, екіншісі, аспаз мамандыған таңдаған азамат. Бозбала мен бойжеткенді осы жол таныстырып, тағдыр табыстырған.

Ерке Есмахан, әнші, актриса:

- Ауылдағы жолдың бойындағы кафеде, сол үйдің, сол жанұяның ішінде болып жатқан оқиғалар. Сол жолдағы «КамАЗ»-бен, автобуспен жүріп өтетін адамдар. Барлығы өмірден алынған. Фильмде романтикалық махаббат, сатқындық, алдау, жалпы, өмірде кездесетін барлық көріністер бар.   

Кинотуындыдағы оқиғалар бір қарағанда күнделікті қарапайым тірлік болып көрінуі мүмкін. Алайда, режиссер бар ойын осы оқиғадағы сырға толы көріністермен ашады. Яғни, фильмнің астарлап айтар ойы терең. Әрбір оқиға желісі көпшілік назар аудара бермейтін өмір түйткілдеріне толы. Зырғыған отарбамен зымыраған уақыт астасып, адамға ой тастап, әзілкеш кейіпкерлер қимыл-қозғалысы мен әпенді әрекеті арқылы көрерменге көтеріңкі әсер сыйлайды.

Шәріп Серік, актер:

- Халыққа күлкі сыйлау бір керемет қой. Көңіл-күйі жақсы адамның өмірі ұзақ болады.

Әбунасыр Серіков, актер:

- Адам күлгенде ғана бәрін ұмытады. Күлкі адамды емдейді. Шын күлдіре білген адам халықтың батасын алып жатқан адам. Ол керемет нәрсе деп ойлаймын. Адамның қолынан келе бермейтін нәрсе.

«Махаббат кафесі» кинотуындысы әсерлі әзіл арқылы шаруа деп айналаға қарамайтын адамдарға зілді пікір айтады. Осы себепті, кинотанушы мамандар бұл еңбекті жоғары бағалады. Енді кинокартина 25 қазаннан бастап отандық кинонарыққа шығады. Сондықтан, айтары көп «Махаббат кафесін» бірінші болып көруге асығыңыз.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу