Павлодарда Ауған соғысында қаза болғандардың құрметіне мемориалдық кешен ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда Ауған соғысында қаза болғандардың құрметіне мемориалдық кешен ашылды

23.10.2018

Ерлердің рухына тағзым етуге өңір тұрғындарымен қатар, посткеңестік мемлекеттерден интернационалист-жауынгерлер де арнайы келді. От пен оқтың ортасында жүріп, мерт болған әр сарбаздың есімі қара тасқа мәңгілікке қашалып жазылды.  

Тамара Чебакова үшін бүгін ерекше күн. Өшкені қайта жанған ана көппен бірге боздақтар рухына тағзым етуге келді. Баласы Николай 24 жасында Ауған соғысында қаза тапты. Кабулдан қару-жарақ тиеп келе жатқан ұшақ жаудың нысанасынан құтыла алмай, жер жастанған. 

Тамара Чебакова, Ауған соғысы ардагерінің анасы:

- Бүгінгі шара өміріміз үшін аса маңызды, ерекше орын алады. Боздақтарды еске алып, тағзым ету әрқайсымыздың борышымыз.

Қиян-кескі соғыста қыршын кеткен әр сарбаздың есімі қызғалдақ пішініндегі 36 гранит тұғырға қашалды. Бюсттер саябақ бойына орнатылды. Ер есімін ұлықтап, отан үшін от кешкен сарбаздардардың ерлігін ұрпаққа ұлағат ету – өнегелі іс.

Геннадий Шорохов, «Боевое братство» бүкілресейлік ардагерлер ҚБ төрағасының орынбасары:

- Кеудесін оққа төсеген бауырластарға осындай құрмет көрсетіліп жатқаны ерліктің ұмытылмайтынын білдіреді. Біз әр сарбаздың есімін жадымызда сақтаймыз. Біз қиын кездерде  бірге болдық, қазір де біргеміз. Бауырластық қарым-қатынасымызды ешкім бұза алмайды.

Посткеңестік мемлекеттердегі интернационалист-жауынгерлерге деген құрмет ерекше. Майдан даласында жауға қарсы қайрат көрсеткен қаруластар «бүгінгі ұрпақ бейбіт заманның қадірін бағаласа», дейді.

 

Рымбек ҚАБИДЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу