Маңғыстау облысында цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату жүйесі іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату жүйесі іске қосылды

22.10.2018

Маңғыстау облысында еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып аналогтық телевизиялық сигнал тарату тоқтатылды. Оның орнына Елбасы тапсырмасына сай заманауи цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде, осы кезге дейін санаулы арналарды көріп келген өңір халқы сапасы жоғары, отандық 15 телеарнаны тамашалауға мүмкіндік алды. Ал, қала тұрғындары енді 30 арнаға дейін көре алады.

Атамекен ауылының тұрғыны Гүлмира Төлесінова сандық жүйенің айырмашылығын бірден байқады. Қанық бояу, таза дауыс, сан алуан бағдарлама. Үйдегі кішкентайлардың өзі теледидар алдынан шықпайтын болған. 

Гүлмира Төлесінова, Атамекен ауылының тұрғыны:

- Бұл тұрғындар үшін жақсы бастама. Өте жақсы көрсетеді. 25 арна бар.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, Маңғыстау өңірі цифрлық жүйеге көшуге 100 пайыз дайын болды. Жыл соңына дейін Түркістан мен Жамбыл облыстары да аналогтық хабар таратуды тоқтатады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Осы жылдың соңына дейін Түркістан облысы мен Жамбыл облысында осындай шара өткіземіз. Аналогтық телехабарлар таратуды тоқтатып, цифрлық телерадио эфирін енгіземіз. Түркістан облысы, Шымкент қаласы және Жамбыл облысында осы іс-шараны біз 2-3 жылда бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.

Облыста цифрлық телехабар тарату жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1 млрд. 600 млн. теңге бөлінген. Қаражатқа 21 телевизиялық станция жаңартылып, заманауи қондырғылар алынды.

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Елбасы цифрлық жаңа техникаларды пайдаланып, индустрияны дамытуды 2017 жылғы Жолдауында тапсырған болатын. Соның бүгін нақты жүзеге асқанының куәсі болып отырмыз. Маңғыстауда «Цифрлы Қазақстан» жобасы бойынша көптеген іс-шара жүргізілді. Білім, денсаулық салалары 100 пайыз көшті. Сонымен қатар, 5 ірі өндіріс компаниясы цифрлық жобаға ауысып, үлкен істің басын бастады.

Цифрлық хабар тарату өңірдегі 47 елді мекенді қамтыды. Ондағы халықтың 99 пайызы отандық 15 арнаны көріп отыр. Ал, қалған 14 ауыл «ОтауТв» жерсеріктік телевизиясына қосылған.

 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ   

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу