Цифрлы жүйе – сапалы қызмет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Цифрлы жүйе – сапалы қызмет

22.10.2018

Алматыда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы табысты жүзеге асып жатыр. Себебі, мұнда «Open Almaty» қоғамдық қабылдау орталығы мамандарының қызметіне жүгінетін тұрғындардың саны күн сайын артып келеді. Мәселен, соңғы 10 айдың ішінде түрлі жұмыспен 72 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 80 пайызы аталған жоба аясында жедел реттелген. Сондықтан, осы бағыттағы жұмысты жандандыру ісі жалғаса бермек.

Аида Талапқызы - үш баланың анасы. Ол кенжесін балабақша кезегіне тіркеу үшін «Open Almaty» қоғамдық қабылдау орталығына келді. Келіншектің айтуынша, шаруасы бірер минуттың ішінде шешілген. Ал, енді оның нәтижесін телефон арқылы біледі. 

Аида Қосжанова, қала тұрғыны:

- Бірінші ХҚКО-на бардым. Мені сол жақтан осында жіберді. Бірден келдім бес минут қана уақытта барлығын шешіп айтып берді. Балам үш жасқа толды. Мемлекеттік балабақшаға тіркеп жатырмын. Жеке балабақшаға бергім келмейді. Қазір неше түрлі жағдайлар болып жатыр ғой.

Бүгінде «Open Almaty» қабылдау орнына әр түрлі әлеуметтік мәселелер бойынша 200-ден аса адам келеді. Мұнда ұялы телефонмен де ақпарат алуға мүмкіндік бар. Сондықтан, соңғы технологиялардан хабардар тұрғындар үшін қызмет интернет желілері және телефон арқылы көрсетіледі.

Жанна Асанова, «Open Almaty» қоғамдық қабылдау орталығының жетекшісі:

- Қазіргі таңда бәрі цифрландырылып жатыр. Елдің әрі-бері жүретін уақыты жоқ. Телефонмен жауап алғысы келеді. Сайтқа жазып, жауап алғысы келеді.

Халықтың әлеуметтік мәселесіне қатысты кез келген тірлікті «Open Almaty» орталығы арқылы реттеуге болады. «Осы орында көп жағдайда интернет желілері арқылы қызмет көрсетілетіндіктен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық болмайды», - дейді мамандар. Алдағы уақытта бұл жүйелі жоба елдің басқа да өңірлерінде іске аспақшы. 

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу