Атырау облысындағы Қиғаш өзенінің түбі тереңдетіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы Қиғаш өзенінің түбі тереңдетіліп жатыр

19.10.2018

Атырау облысында Қиғаш өзенінің арнасы тереңдетіліп жатыр. Әйтпегенде өзеннің суы азайып, кей жерлерінде табаны құрғай бастаған. Бұл, әсіресе, балықшыларға қиын соғып тұр. Өйткені, су көліктерінің қатынауы қиындап кетті.

Өзен арнасының тарылып, таяз болып кетуі балық шаруашылықтарының жұмысына қолбайлау болып тұр. Құрманғазы ауданында 7 кооператив, 500-ге жуық балықшы болса, солардың бәрі су жолына тәуелді.

Тілекқабыл Жакеев, балық цехының басшысы:

- Балықты көлікпен әкеліп тұрмыз. Тасымалдау мәселесі қиын болып тұр. Павловский каналының кіреберісіндегі 5 км-ге жақын жер бірнеше жылдан бері қазылған жоқ.

Әсіресе, маусымдық кезеңде  кемелер таяз суға қайраңдап қалып, балық тонналап бұзылып жатады. 

Сансызбай Тоғаев, аудандық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының бөлім басшысы:

- Теңізден аулаған балықтарды осы канал арқылы апара алмайды. Себебі,  канал бітеліп қалды. Күзде ештеңе емес, көктемге қарай өте қиын болады. Себебі, күн жылып, балық бұзылып кетеді.

Өзеннің 124 шақырымы 3 метрге дейін тереңдетілмек. Әзірге тек 1 шақырымы қазылған. 22 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеуге қауқарлы техника су түбінен кейде күніне 6 мың текше метрге дейін лай шығарады.

Жандос Темірғалиев, тілші:

- Мына субұрқақ сияқты атқылап жатқан өзен түбіндегі лай. Қазіргі уақытта мамандар өзекке апаратын су жолын ашуда. Бұл өз кезегінде балықшылардың емін-еркін балық аулауына мүмкіндік береді.

Өзеннен тарайтын 7 арна бар. Бірақ, жобалау кезінде маңызды тармақтар енбей қалған.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жобалау кезінде кейбір маңызды каналдар ескерілмей қалған. Ал, бұл өз кезегінде балықшылардың өнімдерін цехтарға жеткізуде қиыншылықтар туғызып тұр. Сондықтан, алдағы уақытта бұл мәселелерді ескеріп, жобаға қосымша толықтырулар енгізу қажет деп есептейміз.

6 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалған тереңдету жұмыстары 3 жылда аяқталуы тиіс. Егер жұмыс ойдағыдай аяқталса, су маржандарының өсімі ұлғаяды. Балық мөлшері көбейіп, тығырыққа тірелген шаруашылықтардың да тасы өрге домалар еді.

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу