Нью-Йорктан Нұраға дейін. Америкалық еріктілер ауыл балаларына ағылшын тілін үйретуде. Әлемнің ең үздік оқу ордаларының бірі Лонг-Айленд университетінің түлегі Мириам Гринфилд Қарағанды облысы, Нұра ауылында оқушыларға сабақ беріп жүр. Ол біздің елімізге осыдан бір ай бұрын «Еnglish for jastar» жобасы аясында келген екен.
Мұхит асып келген шұғылалы бойжеткеннің сабақтарын ауыл балалары асыға күтеді. Олар бір ауыз қазақша білмейтін мұғаліммен ағылшынша тілдесіп, шет тілі деңгейін біршама көтеріп алған.
Мириамның сабақ беру тәсілі де қызық. Көбіне ойын түрінде өтеді. Нью-Йорктың көк тіреген үйлерінің арасында жүріп үйреніп қалған қыз үшін ауылдағы көп дүние таңсық.
Мириам Гринфилд, мұғалім:
- Менің мұндағы әр күнім қызыққа толы. Мектепке келгенде балалардың ыстық ықыласын сеземін. Олар қайта-қайта келіп құшақтайды. Күніне жүз құшақтасу. Оларға барынша білгенімді үйретуге тырысып жүрмін. Ал, жергілікті тұрғындар балық аулауға, тойға, отбасылық мерекелерге жиі шақырады. Ауыл тұрғындарының кең пейілі, дархан көңілі өте ұнайды.
Америкалық мұғалім, осындағы мектеп директорының үйінде тұрады. Сабақтан бөлек, күнделікті ауылдың қайнаған тіршілігіне де араласып жүр.
Татьяна Юнгенштейн, Нұра ауылы №3 киев орта мектебінің директоры:
- Мен ағылшын тілін білмеймін. Дегенмен, ымдасып, онлайн аударманы пайдаланып бір-бірімізді түсініп жүрміз. Соның арқасында қазір шет тілін аздап меңгеріп алдым. Мириам өте елгезек қыз. Жан-жануарларды жақсы көреді. Ауыл адамдарымен тез тіл табысып, жақын досымызға айналды.
Мириам Гринфилдтан бөлек, Нұра ауданында Гарвард түлегі Канзастық жігіт Кеннет Палмер де балаларға сабақ беріп жүр. Бір-біріне жиі қонаққа келіп, алған әсерлерімен бөліседі. Енді олар қарашаның соңына қарай отанына қайтады. Олардың орнына басқа мұғалімдер келеді
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.