Астанадағы «Жағалау-4» кешеніне жылу құбырлары жаңа тартылып жатыр
Астананың сол жағалауында тұратын 300-ден астам отбасы тоңып отыр. Елордада жылу маусымы басталғанына бүгін екі апта толды. Ал, «Жағалау-4» деп ат қойылған үйге жылу құбырлары жаңа тартылып жатыр. Сөз болып отырған нысан «Тұрғын-үй жинақ банкі» арқылы сатылған. О баста банк өкілдері үй барлық коммуникацияларға қосылған деген ақпарат таратқан. Алайда, мезгілінен бұрын келген қар бұл сөзді өтірікке шығарды.
«Ертең жылу келеді». Бұл Мусәлима апайдың күнде еститін жалғыз жылы сөзі. Әттең сол жылы сөз үйді жылытпайды ғой деп кеийді кейіпкеріміз. Мейіржан етігін ұйықтар кезде ғана шешеді. Суық тиіп, тұмауратқалы ол балабақшаны ұмытқан. «Ыстық шай, қалың көрпе, электр жылытқыш, біздің үйіміздегі ең бағалы дүние әзірге осылар», - дейді зейнеткер.
Мусәлима Сүлейменова, зейнеткер:
- Пешті қосамыз, сорпа қайнатамыз. Сөйтіп қана өмір сүріп отырмыз. Басқа амал қалмады.
«Тұрғын-үй жинақ банкі» «Жағалау-4» деп аталатын тұрғын үйді үлескерлеріне «100 пайыз дайын нысан» деп сатқан. Мұнда қазір 300-ден астам отбасы тұрып жатыр.
«Қыстың қамын жаз ойла». «Бұл сөз біздің құрылысшыларға еш қатысы жоқ», - дейді тұрғындар. «Астана-теплотранзит» төрағасы Сергей Голевтің айтуынша, елордадағы 5700 нысанның 95 пайызы жылуға жарыған. Ал, «Жағалау-4» секілді санаулы үйлерге жылу кеш беріліп жатқанын мойындап отыр.
Сергей Голев, «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
- Ары дегенде алдағы дүйсенбі күні аталған үй жылуға қосылады. Уәде беремін. Әдеттегідей құрылыс салушы компанияға бірнеше күн жетпей қалды. Үй салынған. Жүйелер де дайын тұр.
Алдағы күндері жылу құбыры сынамадан өтпек. Сынама сәтті болса, келер апта жылу берілмек. «Әзірге күнде ет асып, үйге қонақ шақырып, бой жылытқаннан басқа амалымыз жоқ», - дейді кеңпейіл кейіпкеріміз.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы