«2 адамның өліміне себеп болған Ақтөбедегі жанармай таситын көліктің жарылып кетуіне жұмыс берушілер кінәлі». Бұл облыстық еңбек инспекциясының қорытындысы.
Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын қала іргесіндегі мұнай өнімдері қоймасында жанармай таситын көлік жарылып, үш адамның зардап шеккенін хабарлаған едік. Салдарынан қатты күйіп қалған екі оператор ауруханада көз жұмды. Ал, көлік жүргізушісі жазылып шықты. Тексеру жүргізген комиссия жұмысшылардың өліміне мұнай қоймасында қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болған деген қорытынды шығарып отыр. Жалпы, жыл басынан бері өңірдегі өндіріс орындарында 50 оқыс оқиға тіркеліп, 51 адам зардап шеккен. 10 адам қайтыс болды.
Бауыржан Оразаев, облыстық Еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Куәгерлердің сөзіне сенсек, көз жұмған оператордың бірінің жанынан ұялы телефон табылған. Қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, кәсіпорын ішіне кірген кез келген адам ұялы телефонын күзетшіге тапсырулары тиіс болатын. Мемлекеттік еңбек инспекторы бастаған комиссия қорытындысы бойынша бұл жерде 100 пайыз жұмыс берушінің кінәсі анықталып отыр. Дегенмен, әлі де екі тарап өз уәждерін айтып, тергеу ұзап кетті.
Жақсылық КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.