Ақтөбе облысында 4-сынып оқушысы мектеп ауласындағы трансформаторға тоққа түсіп қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 4-сынып оқушысы мектеп ауласындағы трансформаторға тоққа түсіп қалды

11.10.2018

Дәрігерлерге оның екі қолын иыққа дейін кесіп тастауға тура келді. Қазір  бала ауыр халде. Ата-анасы болған қайғылы жағдайға электр энергиясын тарататын мекеме мен мектеп қызметкерлерін кінәлап отыр.

Оқиға 5-ші қазан күні Шалқар қаласындағы орта мектепте болған. Ол күні сабақтар 35 минуттан жүрген. Дамир киімін ауыстырған соң досымен бірге мектеп ауласына қайтып келеді. Әкесінің айтуынша, ойнап жүріп, ашық жатқан трансформатордың ішіне кіріп кеткен.

Берік Әбдіғалиев, Дамирдың әкесі:

- Асты ашық, бұрын қаланған болған.  Соны қайта жөндемеген.

«Бала тоққа түскен сәтте мұғалімдер мектеп ішінде төл мерекелерін тойлап жатқан», -дейді анасы. Дамирды сол мектеп қызметкерлерінің бірі алып шыққан. Ол екі күн аудандық ауруханада жатып, кейін санавиациямен Ақтөбеге жеткізілген.

Гүлмира Фаткулина, Дамирдың анасы:

- Екі қолы аман қалмайтыны көрініп тұр. Қап-қара болып, күл болып кеткен. Мектептің де кінәсі бар.

Зардап шеккен баланың ата-анасының айтуынша, трансформатор оқыс оқиғадан соң ғана қоршалған. Қазір жасөспірімнің жағдайы ауыр. Екі қолынан бөлек, денесінің әр жерінде күйік бар.

Елена Андреева,  облыстық Балалар ауруханасының дәрігері:

- Бала бізге 7-і күні жеткізілді. Кеше ота жасалды. Жағдайы ауыр. Жасанды тыныс алу аппараты қойылды. Қазір жағдайын бақылап отырмыз.

Облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиғаға байланысты «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіріп соғуға әкелген іс-әрекет» бабымен іс қозғалып,  тергеу, тексеру жұмыстары басталған. Айта кетелік, Дамир отбасындағы 7 баланың төртіншісі.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- 9 жасар Дамир облыстық ауруханада әлі ұзақ ем қабылдайды. Дәрігерлер «оны аман алып қалу үшін барлық жағдайды жасаймыз» деп отыр. Ал, ата-анасы болса қауіпсіздік ережелеріне бейжай қараған мекеме үстінен шағымданбақшы.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

Хабарламаларға жазылу