Жамбыл облысының Жуалы ауданында тау-шаңғы демалыс аймағының құрылысы басталды
Жамбыл облысы Жуалы ауданында тау-шаңғы демалыс кешенінің құрылысы басталды. Қазір инфрақұрылымы тартылып, қонақ үйлер мен мейрамханалардың орны белгіленді. Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Жобаның жалпы құны 4 миллиард теңгеден асады.
«Қара алма» аталып қазығы қағылған алып нысанның құрылысы қарқынды жүруде. Қазір демалыс аумағына инфрақұрылым тарту жалғасып жатыр. Елді мекеннен 6,5 шақырым болатын жолдың 5 шақырымы аяқталды. Ауызсу мен көгілдір отын, электр жарығын тарту да назардан тыс қалмаған. Ал, аспалы жол теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікке таудың ұшар басына дейін жалғасады.
Жоспар бойынша аспалы жолдың құрылысы екі айда бітеді. Қажетті бөлшектер түгел жеткізілген. Қазір кешеннің инфрақұрлымы да аяқталуға жақын.
Бахтияр Көпбосынов, Жуалы ауданының әкімі:
- Газификацияның 90 пайызы келіп тұр. Су бұрғылау жұмыстары бойынша 250 метрден су шығуы керек. Қазіргі таңда 200 метр су бұрғылау жұмыстары жалғасуда. Сондықтан, бұл жерде осы инфрақұрылым жұмыстары 80 пайызға аяқталды деп айтуға болады.
Сонымен қатар, мұнда шағын қалашық бой көтереді. Онда қонақ үйлер, мейрамханалар және 20 коттедж салынады. Қазір оған 4 гектар жер бөлінді.
Ерғали Сералиев, құрылыс компаниясының учаске басшысы:
- Жеке кәсіпкерлер біз осы жобаны қолдап, жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Іргетасын қалап, міне, жұмысты бастап жатырмыз.
Құрылыс басындағылар логистикалық жағынан өте қолайлы аймақ таңдалып алынды дейді. Демалыс орны Жамбыл мен Түркістан облыстарының қақ ортасында тұр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан небәрі 7 шақырым қашықтықта. Одан бөлек, қары қалың, қысы ұзаққа созылатын жердің табиғаты жыл он екі ай бойы туристерді тартуға таптырмайтын орын.
Ерғали Мірсейітов, гео-барлаушы:
- Сырғанауға қыста жақсы келеді. Айдалаға барғанша, жақын жерден елдің бәрі қыста келеді, ал көктемде келсеңіз, бұл жер көккеңбек болып тұрады. Ауасы таза.
Жоба толықтай жүзеге асса, тәулігіне 5 мың адамға дейін келіп шаңғы тебе алады. Туристік нысан келер жылы дайын болады.
Сәбит ӘЛДЕБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы