Қазақстанда әуе билеттері арзандауы мүмкін. Бұл туралы Мәжілісте туризмды дамытуға арналған Үкімет сағатында айтылды. Қазір Инвестициялар және даму министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесе ұшақтар паркі үшін отандық авиакеросинмен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Алдағы жылы толықтай отандық авиакеросинмен қамту жоспарланып отыр. Депутаттар туризм саласындағы шешілмеген мәселелерді көтерді. Бүгінгі таңда әлем бойынша әрбір оныншы жұмыс орнын туризм береді. Әлемнің ішкі жалпы өнімнің он пайызы да осы салаға тиесілі. Біздің елде туризм кенжелеп қалды. Әлемдік рейтингте 140 мемлекеттің ішінде жүздікке ілікпей отырмыз.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біздегі туризмнен түсетін табыс ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына да жетпейді. Ешқандай инвестиция қажет етпей-ақ, ішкі туризмді қозғауға болар еді.
2023 жылға дейінгі туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін шамамен 1,5 трлн. теңге қажет, оның 30%-і мемлекеттен, ал, 70%-і жеке инвестициялардан бөлінеді. Сондай-ақ, Үкімет туризмді дамыту үшін арнайы заң жобасын дайындап жатыр. Оған Мәжілістен депутаттық топ құрылып, құжатты әзірлеуге кіріспек. Нәтижесінде туризм ел экономикасының басты драйверіне айналып, сырттан келетін туристердің санын жылына 3-тен 13 миллионға дейін арттыру көзделіп отыр. Туристермен тікелей жұмыс істейтін арнайы полиция құру мәселесі де қаралып жатыр.
Индира БЕГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.