Инженерлік коммуникациялардың тозығы жетіп, эвакуациялық жолдардың барлығы жабылып қалған. Қаладағы тұрғын үйлерді тексерген төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері осылай деп дабыл қағуда. «Өрт шықса тұрғындарды құтқарып қалу қиынға соғады», - дейді мамандар.
Ескіні жамасаң есің кетеді. Дегенмен, Владимир Куракин құр отырмай, дәліздегі есікті жөндеп жатыр. «Көпқабатты тұрғын үйдің күтімі келіспегеніне көп уақыт болды», - дейді.
Владимир Куракин, үй тұрғыны:
- Жөндеу жұмыстары жүргізілмегелі 20 жылдан асты. Бәрі ескіріп, әзер тұр. Үйіміз қаланың орталығында, мәдениет үйінің қасында орналасқан.
Өскемендегі төтенше жағдайлар басқармасы таяуда өрт қауіпсіздігі бойынша рейд өткізді. Дәл осы үйде ақау жетеді. «Тұрғындар үшін өмір сүру өте қауіпті», - дейді мамандар.
Берік Көшербай, тілші:
- Бұл үйде өрт шықса, тұрғындар түтінге тұншығып қалуы әбден мүмкін. Себебі, сыртқа шығаратын апаттық есіктер мен терезелердің кейбірі темір тормен қапталған. Ал ғимарат ішін тіпті түтін баспаса да, адамдар бір-бірін таппай қалуы ғажап емес, себебі дәліздер күндіз-түні тас қараңғы.
Учаскелік полиция қызметкерлері де бұл үйді жақсы біледі. Себебі, біраз пәтер жалға берілген және тұрғындар арасында ішімдікке әуес азаматтар жетерлік.
Марина Лискова, Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз хатшысы:
- Өрт қауіпсізідгі үйдің әрбір қабатында, пәтерінде бұзылған. Кез келген уақытта электр сымдары тұйықталуы мүмкін. Ол аздай, тұрғындар эвакуациялау жолдарына қоқыс, ескі жиһаз жинап тастаған. Өрт шықса, адамдарды құтқару қиын болатыны сөзсіз.
Мұндағы тұрғындар мемлекеттік бағдарламадан үмітті. Былтыр баспаналары терможаңғырту жобасына ілініпті. Бірақ әлі ешқандай жөндеу жұмыстары басталмаған. «Үміттен гөрі үрейіміз басым»,- дейді, тұрғындар. Өйткені, кез келген уақытта өрт басталуы мүмкін екенін өздері де біліп отыр. Жалпы, жыл басынан бері Өскеменде 19 адам қызыл жалынның құрбаны болды.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.