Қызылорда қаласында бірнеше тұрғын үй көгілдір отыннан ажыратылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда қаласында бірнеше тұрғын үй көгілдір отыннан ажыратылды

20.09.2018

Қызылорда қаласында бірнеше тұрғын үй көгілдір отынсыз қалды. Себебі, салаға жауапты  «Қазтрансгазаймақ» компаниясы «үйлер табиғи газ желісіне заңсыз қосылған», - дейді. Тексеру барысында мердігер компания қызметкерінің жалған құжат жасап, жұртты алдап соққаны белгілі болды. Көгілдір отын үшін қыруар қаржы төлеген тұрғындар енді шарасыз күйде отыр.

Жібек жолы көшесіндегі үш көпқабатты үй табиғи газ желісіне қосылғанына екі ай ғана  болған. Әр отбасы 65 мың теңгеден төлеп, мердігер мекеме тиісті жұмыстарды атқарды. Бірақ,  тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармады. 

Ырысбике Күлпейісова, қала тұрғыны:

- Ешқандай ескерту жасаған жоқ. Мен далаға шығып, нан алайын деп бара жатсам қиып жатыр екен.

Газ құбырларын тұрғын үйден «Қазтрансгазаймақ» өкілдері ажыратқан. Себебі, көгілдір отынға қосу жұмыстары заңсыз жүргізілген.

Әділжан Назарбаев, «Қазтрансгазаймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының Ішкі бақылау бөлімінің басшысы:

- Ешқандай құжаттары жоқ. Бізбен ешқандай келісімге келмеген. Сол себепті, 15 үйдің 10-ы газдан ажыратылды. Бес үй әлі де тексерілу үстінде.

Мердігер мекеме басшысы жауапты адамға тәртіптік шара қолданылатынын айтады. Жұмыстан шығарылады, айыппұл төлейді. Келген шығынды өтейді.

Олжас Исмалаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Мердігер мекеме - «Патсайы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сол мекеменің директорының айтуы бойынша, сол мекеме басшысының қолын, мөрін өзі қойып, тұрғындармен заңсыз келісім шарт жасағандығын мойындап отыр.

Қазір құжаттар заңдастырылып жатыр. Қыркүйек айының соңына дейін газ беріледі.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу