Өскеменде туристік агенттік 60-тан астам тұрғынды сан соқтырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде туристік агенттік 60-тан астам тұрғынды сан соқтырды

20.09.2018

Өскеменде туристік агенттік 60-тан астам тұрғынды сан соқтырып кетті. Алданғандардың бұдан да көп болуы мүмкін.Себебі, күніне 10 шақты адам құқық қорғау органдарына алаяқтың үстінен арыздануда. Жұртты тақырға отырғызған әйел 30 миллион теңгені алып, қалтасына басқан. Азаматтардың дені туристік фирманың арзан бағада қызмет көрсететініне қызығып, қақпанға түскен. Тіптен, кейбіреулерінен қолма-қол ақша алып, чек те берген. Жәбірленушілер істі соңына дейін жеткіземіз деп бекініп отыр.

Алеся Позникова, қала тұрғыны:

- Менің бір құрбым осы туристік фирма арқылы демалысқа барып келгенін айтты. Сондай-ақ, ол жер арзан және бірнеше рет шетелге сол келіншектің көмегімен ұшқанын айтқан соң келіскен едім. Біз 5 отбасы, яғни, 17 адам біріккенде 4 миллион теңгені аляқтың қолына ұстатып, алданып отырмыз.

Әсел Әміренова, Ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы:

- Өскемен қаласының Ішкі істер басқармасының тергеу бөлімі мен қылмыстық өндірісте қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190 бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Бұл алаяқтық фактісінің бірнеше рет қайталануы. Қазіргі таңда Ішкі істер органдарының қызметкерлері аталған жағдайды анықтау үстінде.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу