СҚО-да мыңдаған студент пәтер жағалап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да мыңдаған студент пәтер жағалап жүр

19.09.2018

Солтүстік Қазақстан облысында жатақхана тапшы. Облыс орталығы - Петропавл қаласында білім алып жүрген 11 мың студенттің тек 3 мыңы ғана қазір жатақханаға орналасқан. Қалғаны жалдамалы пәтерлерді жағалап жүр. Жергілікті билік Елбасының жастарды жатақханамен қамтамасыз ету туралы  тапсырмасынан кейін бұл іске шұғыл  кіріскенімен, жақын арада өзекті мәселесінің шешіле қоятын түрі жоқ.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне «Серпін» бағдарламасы арқылы келген  4-курс  студенттері биыл жатақханадан қағылды.  «20 мың теңге стипендияны не тамаққа, не пәтерге жеткізе алмай, енді қиналып  жүрміз», - дейді жастар. Студенттер жатақхана проблемасын камераға ашық айтудан қорқады.    

Ал, университет басшылығы «алыстан келген студенттердің барлығын жатақханаға орналастырдық», - дейді.  Мәселені шешу үшін биыл қалалық әкімдік 62 гектар жер телімін бөлді. 1200 орындық жатақхана салынбақ.   

Ербол   Исақаев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:

- Жаңа жатақхананы 2020 жылы қолданысқа енгіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бұған қоса, биыл 10 оқу корпусының үстіңгі қабаттарында 150 орындық жатақхана ашпақпыз. Бірақ әлі де болса жатақхана жетіспеушілігі мәселесін шешкен жоқпыз. 

Петропавлда 1 университет, 12  колледж бар. Арнайы оқу орындарында да  жағдай мәз емес. Ауылдан келген 4000-нан астам студенттің  тек бір жарым мыңы ғана жатақханада тұрады. 

Жергілікті билік қанша тырысқанымен, жатақхана құрылысына  кемінде 2-3 жыл қажет. Оған дейін студенттерге  тамыр-танысты  сағалауға, болмаса пәтер жалдауға тура келеді. 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу