Маңғыстау облысында «Батыс-2018» оқу-жаттығуы өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында «Батыс-2018» оқу-жаттығуы өтуде

19.09.2018

Маңғыстау облысында  «Батыс-2018» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Екі  аптаға жалғасатын өңірлік жаттығуда  қолбасшы мен командирлердің бірлескен жұмыстары, штабтың әзірлігі, әскерлердің  ұрыс даласындағы дайындығы сыналады. 

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

- «Батыс-2018» оқу-жаттығуына құрлық әскерилерінен, әуе қорғаныс күштерінен, әскери теңіз күштерінен, төтеншеліктер мен Ұлттық ұланнан 5 мыңнан астам әскери қызметші қатысып жатыр. Олар құрамдастырылған тәсілмен, өздерінің жүрістері мен қозғалу тәртібін көрсетеді. Мұндай жаттығулар әскерлердің жауынгерлік дайындығын арттырып, кәсіби шеберліктерін жетілдіреді.

Оқу-жаттығуға Батыс өңірлік қолбасшылығының жауынгерлерімен бірге, Шығыс  және Оңтүстіктегі әскерилер қатысуда.  Әуе шабуылдық күштерінен де қосымша әскер келген. Жауынгерлер әр түрлі техникамен 4 бағыт бойынша қозғалып, Жаңаөзен қаласының маңында кездеседі. Олар шамамен 150 шақырым жол жүреді. Осы аралықта әр командир жолдағы  қозғалысты бақылап, төңіректі бағамдайды.

Межелі жерге жеткенде әскерлер арнайы тактикалық іс-қимылдар орындап, жауынгерлік дайындықтарын көрсетеді. Олар жаттығуды Оймаша полигонында жалғастырады. 

Оқу-жаттығуға мыңнан астам түрлі техника жұмылдырылған. Шара қыркүйектің 28-не дейін жалғасады. Нәтижесінде, штабтың, қолбасшы мен командирлердің жұмысына баға берілмек.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу