Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы көпқабатты үйлердің біріне қауіп төніп тұр. Бірінші қабаттағы дүкенін кеңейтпек болған кәсіпкер үйдің тірек қабырғасын алып тастаған. Соның салдарынан үстіңгі пәтерлердің еден бетоны бірнеше сантиметрге түсіп кеткен. Енді тез арада қабырға орынын нығайтып, қайта қалпына келтірмесе, үйдің құлауы ғажап емес деп алаңдайды тұрғындар.
Кәсіпкер көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан 3 бөлмелі пәтерді дүкен есебінде қолданған. Бөлмесін кеңейтпек болып мына негізгі тірек қабырғаны алып тастапты. Соның салдарынан бұл үйдің тұрғындарына апат қаупі төніп тұр.
Марина Билецкая сауда орынының иесі. «Дүкенге келген жұрт кіріп-шығу қиын, ғимарат бөлмелері тым тар деп шағымданған соң, ортадағы қабырғаны бұзғызып тастадым», - дейді.
Марина Билецкая, жеке кәсіпкер:
- Кінәмді толығымен мойындаймын. Жан-жақты жоспарламай жасадым. Бұл менің алғашқы ғимаратым болғандықтан, бұрын-соңды осындай жұмыстарды жасап көрмеген едім. Әрі жалдаған жұмыскерлерім де ортаңқолды адамдар еді. Өз ісінің маманы болмағандықтан, олар да маған ескертпеді.
Кәсіпкердің шалағай ісінен тұрғындар зардап шегіп отыр. Әсіресе, екінші қабаттағы пәтердің еден бетоны 2-3 сантиметрге дейін түсіп кеткен.
Надежда Полетаева, апатты үйдің тұрғыны:
- Не істейтінімізді білмейміз. Бірінші біздің пәтеріміз опырылып түсуі мүмкін. Сосын үсті кетеді. Ойласаңыз, өте қорқынышты. Жанымызды шүберекке түйіп отырмыз. Қазір күндіз үйде болмауға тырысамыз.
Қазір жергілікті билік арнайы жұмыс тобын құрып, «КазМИИР» ғылыми институты және мемлекеттік құрылыс-сәулет комитетімен бірлесіп апаттың алдын-алу жұмыстарын бастап кетті.
Сержан Аймақов, Шахтинск қаласының әкімі:
- Қосымша тіреулер қойылды. Бүгінгі күнде қауіптенетіндей жағдай жоқ. Кәсіпкерге рұқсат етілген жоба құжатын қолына алуы керек. Содан кейін осы қабырғаны міндетті түрде қалпына келтіруі керек. Жобалау құжаты бір-екі күнде дайын болуы тиіс. Оған Қарағандыдағы тиісті институттарды тартқан болатынбыз.
Заң бойынша ғимарат ішіне қандайда бір өзгеріс жасаған кезде тірек қабырғаны бұзуға тыйым салынған. Алайда, дүкен иесі шешімді өз еркімен қабылдай салған. Сол үшін айыппұл төледі. Ал, мамандар қабырғаны қалпына келтіру жұмыстарына көп уақыт кетпейтінін айтады.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.