Өскемендегі мектептерге оқулықтарды дер кезінде жеткізіп бермеген көліктік компаниялар жазалануы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендегі мектептерге оқулықтарды дер кезінде жеткізіп бермеген көліктік компаниялар жазалануы мүмкін

18.09.2018

Өскемендегі мектептерге оқулықтарды дер кезінде жеткізіп бермеген көліктік компаниялар жазалануы тиіс. Қалалық білім бөлімі сотқа арыз жазып, оларды жауапсыз кәсіпкерлер тізіміне енгізуді талап етіп отыр. Қара тізімге енсе, бұл компаниялар біраз уақыт тендерге қатысу құқығынан айырылады.

Биыл қаладағы білім ошақтарына жаңа оқулық сатып алу үшін бюджеттен 395 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде 2 миллион теңге кітаптарды Астана мен Алматыдан Өскеменге жеткізуге берілген. Бірақ, тендерді ұтып алған компания келісімшарт талаптарын орындамай, тасымал кестесін бұзған. Нәтижесінде, мемлекеттік сатып алу арқылы екінші рет байқау жарияланып, бұл шаруа басқа кәсіпкерге жүктелді. Алайда, ол да салғырттық танытты. Ақырында, Өскемен қаласына кітаптарды үшінші компания жеткізді. Осылайша, жаңа оқулық балалардың қолына қыркүйек айының 6-да ғана тиді. Енді қалалық білім бөлімі кітаптарды уақытында жеткізбеген кәсіпкерлерді сотқа бермек.  

Дмитрий Журавлев, қалалық Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- 2 көліктік компания оқулықтарды Өскеменге уақытында жеткізбеді. Сол үшін арыз жаздық. Жақын арада сот болады. Сол кәсіпкерлердің кесірінен қайта-қайта байқау жарияладық. Нәтижесінде, мектептерге оқулықтар кеш жеткізілді.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу